Жәнібекке енді қарсылас табу қиын болады – спорт сарапшысы

Жәнібекке енді қарсылас табу қиын болады – спорт сарапшысы

Жексенбінің таңында Жәнібек Әлімханұлы чемпиондық белбеуін сәтті қорғап, қазақ жанкүйерлерін қуантты. Ал келесі қарсыласы кім болмақ? Кіммен жұдырықтасуы мүмкін? Бұл жайында белгілі спорт журналисі әрі комментатор Уалихан Қосанбай өз көзқарасын facebook желісінде жазды. 

Спорт сарапшысы канадалық боксшы Жәнібекке тең қарсылас емес еді дейді. Себебі екеуінің деңгейі екі бөлек. Қарсыласы көз арбасу кезінде-ақ жеңілген. 

Ашығын айтқанда, Канада елінің боксшысы Стивен Батлер біздің чемпионға қарсылас болатын боксшы емес еді. Оның рекордына қарасаңыз, тек Риото Мурата ғана мықты қарсылас болған. Дегенмен сол Муратаның соққысы мықты емес. Бірақ, Батлер содан нокаутқа түскен боксшы. Ал Жәнібекке қарсы кездесуде ол жекпе-жек басталмай жатып-ақ жеңілген. Көз арбасуда. Ал шаршы алаңда ол тез жеңілудің әрекетін істеді. Қайталап көріңіздер сенбесеңіздер, - дейді Уалихан Қосанбай.

Қазақ боксшысы орта салмақта WBO белбеуінің иегері. Өз атағын абыроймен қорғап келеді. Қарымды қарсылас, мықты боксшылардан қорқатын Жәнібек жоқ. Алайда жұдырықтасуға кім келісім беретіні спорт сарапшысын да ойлантады. 

Енді Әлімханұлы кіммен кездеседі? Шынымен қиын сұрақ. Орта салмақтағы басқа чемпиондар онымен жекпе-жек өткізуге келіспейді. Себебі, қорқады. Сол үшін тағы чемпиондық белбеуін қорғайтын шығар. Алайда қай боксшыға қарсы? Әлсіз үміткерлерге қарсы кездесу Жәнібекке де керек емес. Не істемек керек?, - деп қорытындылайды ойын. 

О. Сансызбай