Дулат Бекбауов әлем чемпионаты алтынына таласады

Қазақ боксшысы Дулат Бекбауов Ташкентте өтіп жатқан әлем чемпионатының финалына шықты. 67 килоға дейінгі салмақта жұдырықтасқан отандасымыз жартылай финалда Грузия елінен келген Лаша Грулиден айласын асырды. 

Дулат тәжірибелі боксшыға қарсы шебер жұдырықтасты. Қорғанатын сәтте қорғанып, шабуылдайтын тұсын оңтайлы пайдалана білді. Жаттықтырушылардың ақыл-кеңесін де ұмытпай, сәтті жүзеге асырды. Нәтижесінде 5:0 есебімен айқын жеңіске жетті. 

Финалда Дулат өзбек боксшысы Асадхужа Муйдинхуджаевпен қолғап түйістіреді.

Айта кетейік, бұған дейін Санжар Тәшкенбай (-48 кило) мен Махмұд Сабырхан (-54 кило) финалға шыққан болатын. Кешкі сессияда команда капитаны Асланбек Шымбергенов пен Нұрбек Оралбай шаршы алаңға шығады.