Азия чемпионаты. 4 балуанымыз финалға шықты

Күрес түрлерінен Астанада өтіп жатқан Азия чемпионаты жалғасуда. Бүгін еркін күрестен 4 бірдей балуанымыз финалға шықты. Олар бірер сағаттан кейін сары құрлықтың чемпионы атағына таласады. 

74 килоға дейінгі салмақта Дархан Есенғали жапон балуаны Кирин Киношитамен белдеседі. Оған дейін отандасымыз Сингапур, Қырғызстан және Бахрейн елінің балуандарынан басым түсті. 

86 кило салмақта Азия алтынына Азамат Дәулетбеков пен Алиреза Каримимачини таласады. Ирандық балуанға дейін отандасымыз Сингапур және Өзбекстан елінен келген спортшыларды жеңді. 

92 кило салмақта Ризабек Айтмұхан финалға шықты. Қарсыласы – жапон Араш Йошида. Қазақ балуаны финалға дейін қырғыз және бахрейндік спортшылардан басым шықты. 

Финалға шыққан төртінші балуанымыз – Юсуф Батурмурзаев. Аса ауыр салмақтағы белдесуде отандасымыз моңғол балуаны  Лхагвагерел Мунхтурмен кездеседі. Юсуф финалға дейін үнді және өзбек балуандарына мықтылығын мойындатты. 

Финалдық белдесулер Астана уақытымен сағат 18:00-де басталады. Тікелей эфирде QazSport арнасы көрсетеді.

Айта кетейік, кеше еркін күрестен екі бірдей балуанымыз Азия чемпионы атанған болатын.