Боксшы қыздарымыздың әлем чемпионатындағы басты қарсыласы кімдер?

Боксшы қыздарымыздың әлем чемпионатындағы басты қарсыласы кімдер?
Фото: kfb.kz

Бірер күннен кейін Үндістан елінің астанасы Нью-Делиде бокстан әйелдер арасындағы әлем чемпионаты басталады. Боксшы қыздарымыз үнді жеріне ертерек аттанып, жарыс алдындағы соңғы дайындықтарын шыңдады.

6-14 наурыз аралығында өткен шешуші дайындық жұмыстары кезінде отандастарымыз үнді, француз және оңтүстік кореялық боксшылармен бір залда жаттықты, - деп хабарлайды ҚР бокс федерациясы. Ал құраманың бас жаттықтырушысы Шәміл Сафиуллин Үндістан, Қытай, Ресей және Өзбекстан боксшы қыздарын басты қарсылас санап отыр.

Біздің құрама жақсы оқу-жаттығу жиынын өткізді. Біз бастапқыда мұнда ерте келіп, ауа райына, тамағына бейімделгіміз келген. Мен үшін бұл екінші әлем чемпионаты. Мұнда барынша жүлделі орындарға ие болуға тырысамыз. Біздің спортшыларымыздың көбі әлем рейтингінде ондықта екенін атап өткім келеді. Атап айтар болсам, Алуа Балқыбекова өз салмағында көш бастап тұр. Ал Жайна Шекербекова мен Карина Ибрагимова екінші орында. Негізгі қарсыластар – Үндістан, Қытай, Ресей және Өзбекстан боксшылары. Әйелдер боксында біз бұрын естімеген көптеген ел бар. Қазір бұл спорт, әсіресе, Африка құрлығында қарқынды дамып келеді», - дейді Шəміл Сафиуллин.

Бірқатар ел жариялаған бойкотқа қарамастан, Халықаралық бокс қауымдастығы (IBA) алдағы бокстан әлем чемпионатына Халықаралық Олимпиада комитетінің мониторинг тобы келгенін хабарлады. IBA сарапшылардың алдағы додаға арнайы қатысуы ұйымның (IBA) басқару реформасы мен қызметін бағалауға арналған мониторинг талаптарының бір бөлігі екенін атап өтті.

Үндістан астанасы әйелдер арасындағы әлем чемпионатын осымен үшінші рет өткізеді. Алдағы күндері 60 елден келген 300-ден астам таңдаулы спортшы жүлдеге таласпақ. Халықаралық әуесқой бокс қауымдастығы чемпион атанған боксшыға – 100 мың, күміс медаль иегеріне – 50 мың, қола жүлдегер атанған спортшыға 25 мың АҚШ доллары көлемінде сыйақы береді. Бəсекені бастан-аяқ Qazsport телеарнасы тікелей эфирде көрсетеді.

Әлем чемпионатының жеребесі тартылып, боксшы қыздарымыздың алғашқы қарсыластары да белгілі болды. 

48 кг: Алуа Балқыбекова — Кей Ван Чи Вай (Сингапур);
50 кг: Назым Қызайбай — Тхи Там Нгуен (Вьетнам);
52 кг: Жазира Орақбаева — Чань Ча-Cунь (Қытай Тайпейі);
54 кг: Жайна Шекербекова — Э Чжи Им (Оңтүстік Корея)/Мария дель Кармен Мадуэно (Испания);
57 кг: Карина Ибрагимова — Намуун Монхор (Моңғолия)/Валерия Арболеда (Колумбия);
60 кг: Римма Волосенко — Ситора Турдибекова (Өзбекстан);
63 кг: Аида Әбікеева — Ургуйя Ус (Түркия)/Ян Чэнгю (Қытай);
66 кг: Надежда Рябец — Сён Суджин (Оңтүстік Корея);
70 кг: Мадина Нұршаева — Хон Гён Чой (Оңтүстік Корея);
75 кг: Валентина Хальзова — Мариэлис Ириса (Венесуэла);
81 кг: Фариза Шолтай — Лиэнн Будрэм (Тринидад және Тобаго);
+81 кг: Ләззат Күнгейбаева — Абиола Джекман (Гайана)/Нупур (Үндістан).

Чемпионға арналған пәтер!

Спорт эмоцияларының бас демеушісі 1XBET компаниясы "Чемпионға арналған пәтер" тамаша акциясын жариялайды. 1XBET компаниясымен бірге чемпион бол да, Алматының орталығындағы жап-жаңа пәтердің кілтін ал!

О. Сансызбай