Сағатына - 5 миллион теңге. Футбол жұлдыздарының жалақысы қанша?

Сағатына - 5 миллион теңге. Футбол жұлдыздарының жалақысы қанша?

Әлемде жалақысы ең көп футболшылар кім? Massaget.kz тілшісі еуропалық топ-лигаларда ойнап жүрген футбол жұлдыздарының жалақысы туралы баяндайды.

Футболшылардың жалақысы ресми ақпарат жоқ. Түрлі басылым өз нұсқасы бойынша жалақыла кестесін жасайды. Бұл тұста еуропалық топ-лигалардағы футболшылардың жалақысын есептейтін Сapology деген басылым бар. Негізі футболшылардың жалақысын ең дәл айтатын дәл осы басылым саналады. Біз осы басылымның деректеріне сүйендік. Мұнда әр футболшының клубында алатын жалақысы келтірілген. Жарнамалық келісімшарт ақшасы құпия сақталады.

Килиан Мбаппе - 90 910 000 еуро


Фото: Reuters

Әлемде жалақысы ең көп футболшы - Килиан Мбаппе. Француз биыл мамырда ПСЖ-мен жаңа келісімшарт жасасқан болатын. Бұл келісім бойынша Мбаппенің жылдық жалақысы 90 миллион еуродан асады. Жаңа мәміле 2025 жылдың жазына дейін жасалған. 

Бұл соманы теңгеге шаққанда, Мбаппе жылына 45,4 миллиард теңге алады екен. Бұл:

айына - 3,7 миллиард теңге
күніне - 122,1 миллион теңге
сағатына - 5 миллион теңге
минутына - 84 816 теңге
секундына - 1413 теңге.

Мбаппе осы маусымда ПСЖ сапында 20 матч өткізіп, 19 гол мен 5 нәтижелі пастың авторы атанған. Сонымен қатар, таяуда ғана аяқталған әлем чемпионатының үздік сұрмергені болған еді - 8 гол.

Лионель Месси - 63 640 000 еуро


Фото: Reuters

ПСЖ-ның тағы бір жұлдызы Лионель Месси жылына 63,6 миллион еуро табады. Аргентиналық футболшы париждік командаға былтыр тамызда ауысқан болатын. Келісімшарт 2023 жылы жазда аяқталады.

Мессидің жылдық жалақысы - 31,8 миллиард теңге. Бұл:

айына - 2,6 миллиард теңге;
күніне - 85,4 миллион теңге;
сағатына - 3,5 миллион теңге;
минутына - 59 374 теңге;
секундына - 989 теңге.

Лионель де осы маусымды өте сәтті өткізіп жатыр. ПСЖ сапындағы 19 ойында 12 гол соғып, 14 нәтижелі пас берген. Ал Катардағы әлем чемпионатында Аргентина құрамасымен бірге топ жарып, турнирдің үздік ойыншысы атанған болатын. 

Неймар - 56 360 000 еуро


Фото: Reuters

Үшінші орында да - ПСЖ ойыншысы. Бразилиялық Неймардың жылдық жалақысы - 56,3 миллион еуро. Неймар дәл қазір әлемдегі ең қымбат футболшы саналады. Себебі 2017 жылы ПСЖ оны "Барселонадан" 222 миллион еуроға сатып алған. Келісімшарт 2025 жылдың жазына дейін жасалған.

Неймардың жалақысын теңгеге шаққанда жылына 28,1 миллиард теңге шығады. Бұл:

айына - 2,3 миллиард теңге
күніне - 75,7 миллион теңге
сағатына - 3,1 миллион теңге
минутына - 52 582 теңге
секундына - 876 теңге.

Неймар да биыл бабында. ПСЖ құрамындағы 20 ойында 15 гол соғып, 12 нәтижелі пастың авторы атанған.

Эден Азар - 31 250 000 еуро


Фото: Reuters

Мадридтік "Реалдың" ойыншысы Эден Азар - төртінші орында. Азардың жылдық жалақысы - 31,2 миллион еуро. Бұл - 15,6 миллиард теңге. Яғни:

айына - 1,3 миллиард теңге
күніне - 41,9 миллион теңге
сағатына - 1,75 миллион теңге
минутына - 29 155 теңге
секундына - 485 теңге.

Бельгиялық футболшы мадридтік клубқа 2019 жылы 115 миллион еуроға ауысқан. Сол кезде "Реал" жанкүйерлері Азар командадан кеткен Криштиану Роналдудың орнын басады деп күткен. Бірақ Азар сәт сайын жарақат алып, алаңға өте сирек шығатын болды.

Қазіргі маусымда да Азар көбіне қосалқы құрамда отырады. "Реал" сапында осы маусымда 6 ойында ғана алаңға шығып, бір гол мен бір нәтижелі пастың авторы болған. Азар Бельгия құрамасымен әлем чемпионатына қатысқан, бірақ ол жақта да көзге түсе алмай, командасы топтық кезеңнен ұшып кетті.

Френки Де Йонг - 29 170 000 еуро


Фото: Reuters

Бесінші орында "Барселона" жартылай қорғаушысы Френки Де Йонг тұр. Оның жылдық жалақысы - 29,1 миллион еуро. Теңгеге шаққанда, 14,5 миллиард теңге. Бұл:

айына - 1,2 миллиард теңге
күніне - 39 миллион теңге
сағатына - 1,6 милион теңге
минутына - 27 214 теңге
секундына - 453 теңге.

Нидерландтық футболшы "Барселона" сапына 2019 жылы ауысты. Қазіргі келісімшарты 2026 жылдың жазына дейін жарамды. 

Каталониялық клубта ойыншы 17 матчке қатысып, 2 гол соқты, бір нәтижелі пас берді. Ол "Барселонаның" жартылай қорғанысында шешуші рөл атқарады.

Одан бөлек үздік ондыққа Серхио Рамос (27,2 миллион еуро), Кевин де Брюйне (24,6 миллион еуро), Кәрім Бензема (24 миллион еуро), Эрлинг Холанд (23,1 миллион еуро) және Давид де Хеа (23,1 миллон еуро) кіреді.

Айта кетейік, бұл тізімге Криштиану Роналдуды қоспадық. Португалиялық жұлдыз таяуда "Манчестер Юнайтед" сапынан кетіп, еркін агент атанған. Әзірше жаңа команда тапқан жоқ. МЮ-дегі жалақысы 31,7 миллион еуро болған. Ойыншыға Біріккен Араб Әмірлігінің "Әл-Наср" клубы ұсыныс жасағаны хабарланды, араб ұжымы оған жылына 200 миллион еуро төлеуге дайын.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Е. Төлеш