Жылдың ең шешуші матчі: кім үш дүркін әлем чемпионы атанады?

Жылдың ең шешуші матчі: кім үш дүркін әлем чемпионы атанады?
Фото: CNN

Бүгін жанкүйерлер бір ай бойы тамашалаған 2022 жылғы әлем чемпионаты аяқталады. Әлем чемпионы атағын Аргентина мен Франция сарапқа салады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Ойын елорда уақытымен 21:00-де басталады. Матч "Лисаил" стадионында өтеді.

2010 жылы Испания мундиальде топ жарғаннан бері алғаш рет топтық кезеңдегі матчте жеңіліп қалған команда әлем чемпионы атанады. Аргентина бірінші турда Сауд Арабиясынан 1:2 есебімен жеңіліп қалған болатын. Сол кезде сарапшылар мен жанкүйерлер 1978 және 1986 жылғы әлем чемпионының финалға жету мүмкіндігіне күмәнмен қараған. Бірақ Лионель Мессидің командаластары жеңілісті тез ұмытып, Мексика мен Польшаны 2:0 есебімен жеңді де, плэй-офф кезеңіне шықты.


Фото: Reuters

1/8 финалдағы қарсыласы Аустралияны 2:1 есебімен жеңгеннен кейін, ширек финалда Нидерландпен күш сынасты. Сол ойында 2:0 есебімен сенімді жеңіп жатқан аргентиналықтар матч соңында екі гол жіберіп, жеңімпаз пенальти сериясында анықталған. Ал онда Аргентина дәлдік танытты.

Жартылай финалда Хорватия құрамасы тізе бүкті - 3:0. Сол ойында Месси әлем чемпионаттарындағы 11-голын соғып, Аргентинаның турнирдегі үздік сұрмергені атанған еді.

Сегіз жыл бұрын Аргентина әлем чемпионатының финалында Германиядан жеңіліп қалған еді. Ал биыл Месси Катардағы дода соңғы әлем чемпионаты екенін айтқан, сондықтан Оңтүстік Америка өкілінің футболшылары аңыз ойыншысы үшін барын салады. Оның үстіне, француздардан алар есесі бар. Себебі төрт жыл бұрын әлем чемпионатының 1/8 финалында француздар Аргентинаны 4:3 есебімен жеңіп, үйіне қайтарған. 

Жалпы командалардың өзара матчтерінде Аргентина алда тұр - француздарды 6 рет жеңген, үш рет тең түсіп, үш мәрте жеңіліп қалған. 2018 жылдағы ойынға дейін әлем чемпионатында екі рет кездесіп, екеуінде де Аргентина жеңген болатын.


Фото: Reuters

1998 және 2018 жылы әлем чемпионы болған Франция құрамасы топтық кезеңде Аустралия (4:1) мен Данияны (2:0) сенімді жеңген. Плэй-оффқа мерзімінен бұрын жолдама алып қойған соң үшінші турда екінші құрамын шығарып, Тунистен жеңіліп қалған болатын. 

Француздар плэй-офф кезеңінде Польшаны 3:1, Англияны 2:1 есебімен жеңген. Ал сәрсенбіде Мароккодан басым түсіп, финалға шыққан еді.


Фото: Reuters

Франция құрамасы Италия мен Бразилиядан кейін қатарынан екі рет әлем чемпионы атанған үшінші команда болғысы келеді. Бірақ бас бапкер Дидье Дешам уайымдайтын жайт бар: Адриен Рабьо, Дайо Упамекано,  Кингсли Коман және Рафаэль Варан финал алдында тұмау жұқтырып алды. Дегенмен Команнан басқасы финалға дайын болатыны хабарланды.


Фото: Reuters

Бұл ойында екі команданың көшбасшыларына да ерекше көңіл ауады. Лионель Месси мен Килиан Мбаппе Катарда бес голдан соғып тастады. Ал Хулиан Альварес пен Оливье Жирудың еншісінде төрт голдан бар. Дәл осы төрт футболшы "Алтын бутсаға" таласады. Месси осы мундиальдегі алты матчтің төртеуінде есеп ашты. Сондай-ақ, Францияға қарсы өткізген екі ойынында да не гол соққан, не нәтижелі пас берген. Бірақ Мбаппе де қара жаяу емес, төрт жыл бұрын Аргентина қақпасына дубль жасаған болатын. Жалпы, 23 жастағы Мбаппе әлем чемпионаттарында 9 гол соғып тастады.

Бүгінгі ойында жеңіске жеткен команда тарихында үшінші рет әлем чемпионы атанады.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Е. Төлеш