Хорватия - Марокко: қола медаль кімге бұйырады?

Бүгін Катардағы әлем чемпионатының қола жүлдегері белгілі болады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Жартылай финалда жеңіліп қалған Хорватия мен Марокко қола медальді сарапқа салады. Матч елорда уақытымен 21:00-де басталады.

Бұл екі команда турнирдегі сапарын бір топтан бастаған. F тобының алғашқы турында Хорватия мен Марокко кездесіп, 0:0 есебімен тең түскен. Ал енді үшінші орынға таласады. Жартылай финалдан кейін екі команданың да үнжұрғасы түскен. Бірі Аргентинадан, енді бірі Франциядан жеңіліп қалды. Екеуі де жартылай финалда гол соға алмады. Алайда бүгін қола медаль мен жүлдеқорынан бөлінген 2 миллион доллар жеңімпазды күтіп тұр.

Хорватияның мундиальдегі жолы әсерлі болды. Бірінші турда марокколықтармен тең түскенін айттық. Кейін топтық кезеңде Канаданы жеңіп, Бельгиямен тең тарқасты. Кейін 1/8 финалда Жапониямен кездесіп, негізгі уақытта жеңімпаз анықталмады - пенальти сериясында қақпашы Доминик Ливаковичтің арқасында келесі кезеңге шықты. Ал ширек финалда турнир фавориттерінің бірі Бразилияны үйіне қайтарды. Онда да жеңімпаз анықталмай, пенальти сериясында хорваттар басым түсті. Жартылай финалда Аргентинадан 0:3 есебімен жеңіліп қалды.


Фото: Reuters

Ал бүгін "шақпақ түстілерді" үміттендіретін үрдіс бар: 1978 жылдан бері барлық әлем чемпионатының қола жүлдесі еуропалық құрамаларға бұйырған. Хорваттар 2018 жылғы "Алтын доп" иегері Лука Модрич үшін де барын салып ойнайды. Модрич бүгін әлем чемпионатындағы соңғы матчін өткізеді.

Марокко құрамасы болса, турнир тарихына еніп қойды - әлем чемпионатының жартылай финалына шыққан алғашқы африкалық құрама атанды. Команда Бельгия мен Канаданы жеңіп, топта бірінші орын алған. 1/8 финалда Испанияны, ширек финалда Португалияны жеңді. Ал жартылай финалда әлем чемпионы Франциядан 0:2 есебімен жеңіліп қалды. Сондықтан Валид Реграги шәкірттері хорваттардан қорқа қоймас, еуропалық құрамалармен ойнай алатынын турнир барысында дәлелдеді. 


Фото: Reuters

Хорваттар сапында Лука Модричтен бөлек Иван Перишичті де атап өтуге болады. Ол бұл турнирде бір гол соғып, екі нәтижелі пас берді. Ал Марокко құрамында танымал Хаким Зиеш пен Ашраф Хакимиден бөлек, Юссеф Эн-Несири сәтті ойнап жатыр. Ол Катарда екі гол соқты. Одан бөлек, қақпашылар Ливакович пен Яссиф Буну - турнирдегі екі үздік голкипер.

Екі команда да овертайм ойнауға қарсы емес. Мұны Катардағы әлем чемпионатында көрдік. Бірақ қола медаль үшін таласта бір мәрте ғана овертайм болыпты. 1986 жылы Франция овертаймда Бельгия қақпасына екі гол соққан. 

Тағы бір қызық дерек: әлем чемпионатының қола медалі сарапқа салынған кейінгі 11 матчтің онында кем дегенде үш гол соғылған. Сондықтан бүгін де сол дәстүр жалғасып, көп гол көреміз деп үміттенеміз.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!