Қазақстан құрамасы Ташкентте өзбек футболшыларынан ұтылды

Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы Ташкентте өткен жолдастық ойында Өзбекстан құрамасына есе жіберді. "Пахтакор" стадионында өткен кездесуде алаң иелері 2:0 есебімен жеңіске жетті. 

Ойындағы екі голды да өзбек футболшылары бірінші таймда соқты. 12-минутта Ходжимат Эркинов есеп ашты. Ол Қазақстан құрамасы қорғаушыларының қателігін оңтайлы пайдаланып кетті. Бірінші тайм аяқталар тұста Эльдор Шомурадов нәтижені еселеді. Бұл жолы да ұлттық құрама қорғаушылары өзбек капитанын тоқтата алмады. 

Бірінші таймда Асхат Тағыберген айып добынан тепкен доп қақпа бағанынан қайтты. Одан өзге ширақ ойын, жылдам қарымта шабуылмен көзге түсе алмады. 

Екінші таймда Магомед Адиев жаттықтыратын Қазақстан құрамасы есепті қысқартуға тырысты. Алайда алаң иелері қақпасына гол соға алған жоқ. Есесіне Өзбекстан құрамасының есепті еселейтін бірнеше мүмкіндігі болды. 

Қазақ жанкүйерлері үшін жағымды жаңалықтың бірі - капитан Бауыржан Исламханның алаңға оралуы. 2020 жылы допинг дауына іліккен ойыншы алаңға екінші таймда шығып, сәтті өнер көрсетті. 

Қазақстан құрамасы 19 қараша күні келесі жолдастық ойынын Абу-Дабиде БАӘ футболшыларына қарсы өткізеді.