Өзбекстанда туған танымал қазақ спортшылары

Өзбекстанда туған танымал қазақ спортшылары

Массагет порталы Өзбекстанда туған танымал қазақ спортшыларын ұсынады. Олардың барлығы шетелдерде көк туымызды желбіретіп, Қазақстанның танылуына көп үлес қосты.

caspianlife.kz

Әділбек Сәбитұлы Ниязымбетов – 19 мамыр 1989 жылы Өзбекстан құрамындағы автономиялық республика – Қарақалпақстанның Нүкіс қаласында дүниеге келген.  Боксшы, Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері, Құрмет орденінің иегері. Бакуде өткен әуесқой бокстан әлем чемпионатының күміс жүлдегері. Жартылай ауыр салмақта (81 келіде) 2012 жылғы Лондонда өткен Жазғы Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері. Жартылай ауыр салмақта (81 келіде) 2016 жылғы Рио-де-Жанейрода өткен Жазғы Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері.

© ufc.ru

Шавкат Рахмонов – аралас жекпе-жек спортшысы. Өзбекстанның Шурчу қаласында дүниеге келген. Жартылай жеңіл салмақ категориясында Ultimate Fighting Championship (UFC) демеушілігімен өнер көрсетеді. 2022 жылдың 28 маусымындағы жағдай бойынша ол UFC жартылай орта салмақтағы ресми рейтингінде 10-шы орында тұр. Қазақстандық файтер 16 кездесудің барлығында жеңіске жеткен.

Жетістігі:

• M-1 Global – Орта салмақтағы чемпион:

• Kazakhstan Mixed Martial Arts Federation – Орта салмақтағы чемпион.

© kfb.kz

Сәкен Ісмадиярұлы Бибосынов 1997 жылы 3 шілде Өзбекстанда туған. Боксшы, ҚР еңбек сіңірген спорт шебері, жеңіл салмақта өнер көрсететін Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі Орталық спорт клубының спортшысы. 2020 жылғы Олимпиада ойындарының қола жүлдегері, 2021 жылғы әлем чемпионы, 2019 жылғы әлем чемпионатының қола жүлдегері.

Ең жеңіл салмақ дәрежесінде өнер көрсетеді. Ол 2015 жылдан бері әуесқой бокспен айналысады.

© inform.kz

Дәулет Нарметов – 1989 жылы Өзбекстанның Қазақстанмен шекаралас аймағында дүниеге келген.

Ол 2008 жылы спорттық гимнастикадан Өзбекстан құрамасына қабылданған. Негізгі снаряды – "гимнастикалық ат" (pommel horse). Осы снарядпен өнер көрсеткен ол 2008-2010 жылдары Өзбекстан чемпионатында қатарынан үш мәрте алтын жүлде алған.

2017 наурызда Бакуде өткен әлем кубогы кезеңі финалына шығып, 7-орын алған. Дәулет Нарметов – гимнастикалық ат жаттығуы бойынша Қазақстан атынан әлем кубогының финалына шыққан және халықаралық жарыста алтын алған алғашқы спортшы.

© kfb.kz

Бақыт Әбдірахманұлы Сәрсекбаев 1981 жылы 29 қарашада Павлодар қаласында туған, қазақ әуесқой боксшысы. 2008 жылы Бейжіңде өткен Олимпиада ойындарының жартылай орта салмақ дәрежесінде чемпионы (69 келіге дейін). 2005-2007 жылдардағы Азия чемпионы. Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері (2008). 1-дәрежелі "Барыс" орденінің кавалері

Оны бұл тізімге қосу себебіміз спортшы Қазақстанда туғанымен оны кішкентай кезінен Өзбекстандағы Табақсай аулында тұратын әжесі тәрбиелеп өсірген. Сондықтан 12 жасынан бастап сол елде бокспен айналыса бастаған. 7 рет Өзбекстан чемпионы атанған. 1 рет Азия чемпионы (2002) болған. 2004 жылы іріктеуден өтпей қалып Қазақстанға келген. Сол жылы Қазақстан чемпионы болды.

Т. Раушанұлы