Ұлттар лигасы: Қазақстан алғашқы ойынын жеңіспен бастады

Ұлттар лигасы: Қазақстан алғашқы ойынын жеңіспен бастады
Фото: vseprosport.ru

Футболдан Қазақстан құрамасы Ұлттар лигасының 2022/23 маусымындағы алғашқы ойынын жеңіспен бастады. "Астана Аренада" Әзірбайжан құрамасына қарсы өткізген матчта отандастарымыз жауапсыз 2 гол соқты.

Бірінші таймда Әзірбайжан футболшылары белсенді ойнады. Бірнеше қауіпті соққылар жасағанымен, ұлттық құрамамыздың қақпасынан саңылау таба алмады.

Екінші таймды Қазақстан құрамасы ширақ бастады. Ойынның 50-шы минутында Абат Айымбетов алыстан шірене теуіп гол соқты. Арадан 7 минут өтіп, Асхат Тағыбергеннің оң қанаттан асырған пасын,  Абат Айымбетов сәтті пайдаланып, дубль авторы атанды.

Айта кетейік, жетінші маусым, сейсенбі күні сағат 00:45-те Қазақстан Ұлттар лигасындағы келесі ойынын Словакияға қарсы өткізеді. Қазір К группасында отандастарымыз 3 ұпаймен көш бастап тұр.

Т. Раушанұлы