"Реал" Чемпиондар лигасын жеңгені үшін қанша сыйақы алады?

"Реал" Чемпиондар лигасын жеңгені үшін қанша сыйақы алады?

Marca басылымы Чемпиондар лигасының қорытындысы бойынша клубтардың сыйақы түрінде алатын ақшаны жариялады.

УЕФА осы маусымда үш еуропалық додаға қатысатын командаларға 2,7 миллиард еуро бөлді. Оның 2,03 миллиарды Чемпиондар лигасы мен УЕФА Суперкубогында өнер көрсеткен клубтарға бөлінген.

Қалған – 465 миллионы Еуропа лигасына қатысушыларға, ал 235 миллионы Конференция лигасына қатысқан клубтарға беріледі.

Чемпиондар лигасына қатысқаны үшін берілетін ақшалай сыйлық туралы айтатын болсақ, топтық кезеңге қатысқаны үшін әр команда 15,64 миллион алатынын айта кеткен жөн. Сонымен қатар, турнирдің осы кезеңінде әрбір жеңіс үшін 2,8 миллион еуро, ал тең ойын үшін 930 мың еуро төленеді.

1/8 финалға қатысушылардың әрқайсысы 9,6 миллион еуродан алады. Ширек финал – 10,6 миллион, жартылай финал – 12,5 миллион. Ал финалистерге – 15,5 миллион еуродан төленеді.

Сондай-ақ, УЕФА кейінгі он жылды ескере отырып, әр команданың коэффициенттеріне бөлу үшін 600,6 миллион еуро мөлшерінде қаражат қалдырады. Ең төмен коэффициентке ие клуб – 1,1 миллион, ал ең жоғары дәрежеге ие клуб  – 36,4 миллион алады. Қазіргі рейтингте "Реал Мадрид" бірінші орында, одан кейін "Бавария", "Барселон" және "Атлетико Мадрид" тұр.

Ал Чемпиондар лигасының финалында "Ливерпульді" жеңген "Реал Мадрид" жалпы сомасы 123,8 миллион еуро сыйақы алады.

А. Оралқызы