Спорт дәрігері жазда жаттығуды қалай бастау керек екенін айтты

Спорт дәрігері жазда жаттығуды қалай бастау керек екенін айтты
Фото: Yernar Almabek\Massaget.kz

Спорт дәрігері Илья Мелехин жаттығу денсаулықтың нашарлауына әкелмеуі үшін жазға дайындықты қалай бастау керектігін айтты. Бұл туралы Sputnik радиосы жазды.

Илья Мелехиннің айтуынша, қарқынды спортқа кіріспес бұрын дәрігерге бару керек.

"Егер адам жүйелі түрде жаттығуды жоспарлап отырса және ол алдына маңызды мақсат қойған болса, онда оны дәрігерге барудан бастау керек. Бұл жазғы жаттығуды бастамас бұрын денсаулығының жай-күйін анықтау үшін қажет", - деді дәрігер.

Дәрігерге қаралу қысымды өлшеу, стандартты сынақтар жиынтығын және флюорографияны қамтуы керек, деді спорт дәрігері.

Өз денсаулығының жай-күйін объективті бағаламай, үлкен физикалық күш салу қауіпті, деп санайды сарапшы. Оның айтуынша, көптеген аурулар, атап айтқанда, гипертония, жаттығуларды  бастамай тұрып білінбейді.  

"Гипертония сияқты кейбір аурулар жаттығу басталғанға дейін байқалмауы мүмкін. Адамдар гипертония  кезінде бас ауырады деп ойлайды, бірақ әрқашан олай бола бермейді", - дейді ол.

Дәрігер гипертониямен спортпен айналысу өте қауіпті екенін, бұл ауыр асқынуларға, тіпті инфарктқа әкелуі мүмкін екенін ескертеді.

"Емделмеген гипертония тек спортпен айналысуға қарсы көрсетілім ғана емес, ол өмірге қауіп төндіреді, өйткені одан қан тамырлары мен жүрек зардап шегеді", - деп ескертті Мелехин.

Бұған дейін дәрігер кофе ағзаға зияны тимеу үшін қалай және қашан ішу керек екенін айтқан болатын.

Т. Раушанұлы