Медальға бір қадам: Абзал Әжіғалиев Олимпиаданы 4-орынмен аяқтады

Қазақстан құрамасының ту ұстаушысы, конькимен сырғанаушы Абзал Әжіғалиев 2022 жылы Бейжіңде өтіп жатқан Олимпиада ойындарының финалында 500 метр қашықтықта бақ сынады.

Шешуші жарыста Әжіғалиев төртінші орынға табан тіреді. Бағдарламаның бұл түрінен алтынды Венгрия өкілі Лю Шаоан ресейлік Константин Ивлиевті 0,11 секундқа озып алды. Қоланы канадалық Стивен Дюбуа иеленді.

Бұл ұашықтық бойынша тағы екі қазақстандық бақ сынады – Денис Никиша В финалына шығып, ақтық кезеңде сегізінші орынға ие болды, ал Әділ Ғалиахметов 1/4 финалда өз өнерін аяқтады.

Айта кетейік, Абзал Әжіғалиев Олимпиадада 500 метрге шорт-тректен жекелей сында финалда өнер көрсеткен тарихтағы тұңғыш қазақстандық атанды. Ол қысқа қашықтықтарға жүгіруден әлем кубогінің жеңімпазы әрі бірнеше дүркін жүлдегері. Әзірге, Абзал қазақстандық шорт-трекшілердің Олимпиададағы ең ірі жетістігін тіркеп отыр. Бұған дейн отандық шорт- трек шеберлері Олимпиадада төрттікке енген емес. Сондай-ақ осыған дейін Әділ Ғалиахметов 1500 метрге жарысудан финалда бақ сынап, сегізінші орын алған болатын.