Қазақ боксшыларына Азияда алтын бұйырмады

Қазақ боксшыларына Азияда алтын бұйырмады

Әуесқой бокстан Азия чемпионаты өз мәресіне жетті. Дубайда өткен дүбірлі додада Қазақстан ерлер құрамасы алтын жүлде еншілей алмады.

Финалға шыққан қазақстандық бес боксшы да қарсыластарына есе жіберді. 49 килода Даниал Сабит өзбек боксшысы Нодиржан Мирзахметовпен жұдырықтасып, қарсыласына жол берді. Ал 69 килодағы финалда Абылайхан Жүсіпов бірінші раундта жарақат алып, төрешілер өзбек Бобо-Усман Батуровты жеңімпаз ретінде таныды.

75 кило салмақта Әбілхан Аманқұл да өзбек боксшысымен жұдырықтасқан. Саиджамшит Джафаровпен болған жекпе-жекте қарсыласын нокдаунға да түсірген-ді. Алайда бес төрешінің төртеуі қарсыласына басымдық берді.

91 килоға дейінгі салмақта Василий Левит күміс еншіледі. Үнді боксшысы Санжитпен болған жекпе-жекте жеңімпаз атануға лайық болған. Төрешілер есебі бойынша 4:1 нәтижесімен қарсыласы алтын алды. Отандасымыз марапаттау сәтінде жүлде тағынған жоқ. Төрешілер шешіміне өз қарсылығын ашық білдірді.

Ұлттық құрама капитаны Қамшыбек Қоңқабаев өзбек Баходир Жалоловпен жұдырықтасып, қарсыласына жол берді. Осылайша Азия чемпионатында алтын медаль бұйырмады.

Ерлер арасында жүлде алған ұлттық құрамалар рейтингі:

Өзбекстан - 6-1-3.
Моңғолия - 3-0-2.
Үндістан - 1-2-2.
Қазақстан - 0-5-1.
Иран - 0-2-2.
Қырғызстан - 0-0-4.
Филиппин - 0-0-3.
Тәжікстан - 0-0-2.
Кувейт - 0-0-1.

Айта кетейік, қыздар арасындағы бәсекеде бұрымды боксшыларымыз жараған. 10 салмақ дәрежесінің 8-де алтын медаль еншілеп, Азия рекордын жаңартқан еді.

Н. Үсенова