Қазақстан чемпионатының үздік футболшысына Сегізбаев сыйлығы табысталады

Қазақстан чемпионатының үздік футболшысына Сегізбаев сыйлығы табысталады
Фото: pflk.kz

Футболдан маусым соңында анықталатын "Қазақстан чемпионатының үздік футболшысы марапатына" даңқты ойыншы Тимур Сегізбаевтың есімі беріледі. Бұл туралы Қазақстанның кәсіпқой футбол лигасы хабарлады.

Тимур Санжарұлының тамаша ойын мансабын, жаттықтырушылық және басқарушылық қызметтегі жетістіктерін құрметтеу мақсатында аты аңызға айналған Тимур Сегізбаевтың есімін маусымның соңында Қазақстан чемпионатының үздік ойыншысына берілетін номинацияға тағайындау туралы шешім қабылданды, - деп хабарланды ресми сайтында.

Бүгін аты аңызға айналған футболшы және Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы Тимур Санжарұлы Сегізбаевтың туған күні. Көзі тірі болғанда 80 жасқа толар еді.

Тимур Санжарұлы ұлт футболы тарихына ұмытылмас із қалдырған тұлға. Ойынға деген адалдығы мен сүйіспеншілігі қазақ футболы тәрбиеленушілерінің барлық ұрпағына нағыз үлгі. Оның керемет ойыны мен тамаша бапкерлік жұмысының арқасында қазақстандық жастардың футболға аңсары ауды.

 

Н. Үсенова