Әмір Махмет: "Мен суретші болуды армандаймын"

Осыдан екі жыл бұрын рекордтар кітабына енген Әмір Махмет бүгінде халықты таң қалдырудан жалығар емес.

Жеке жаттықтырушысы әрі әкесі Ануар Махметов Әмірдің бұл спортқа қалай келгенін былайша баяндады:

«Әмір бір күні менен планшет алып беруді сұрады. Егер 250 рет кеудені жерден көтеру жаттығуын (отжимание) жасасаң, қалағыныңды орындаймын деген талап қойдым. Ал, нәтижесін бір аптадан соң байқадық. Бірінші реттен-ақ 250 рет кеудесін жерден көтере алды. Әрине, бұл біз үшін күтпеген жағдай болды»

«Алғашқы рекордын орнату үшін 1 маусым - балаларды қорғау күні «Street Workout» ашылу сәтінде 450 рет кеудені жерден көтеру жаттығуын жасады. Ал екінші рекордын Ақмола облысындағы «Street Workout» чемпионатында орнатты. Ол кезде Әмір 30 секундта 50 рет кеудесін жерден көтеру жаттығуын сәтті орындап шықты. Ал үшінші рекордын Қазақ хандығының 550 жылдығына арнаған еді. Бүгін 6 жаңа рекордтың иегері Әмір «Гиннес рекордтар кітабына» ену үшін жаттығу жұмыстарын жүргізуде» – дейді Ануар Махметов.

– Жаттығу жұмыстарын қалай жүргізесіздер?

– Біз уақытымыздың барлығын жаттығуға арнаймыз деп айта алмаймын. Не тым көп, не тым аз емес, бірақ күнделікті жаттығу жұмыстарымен айналысамыз. Өзіміз Астана қаласына аптасына бір рет барып, жаттығу залында дайындаламыз.

– Әмірдің спорттан өзге сүйікті ісі бар ма?

– Иә, ол – жан-жақты. Ол – оқу үздігі, түрлі олимпиадалардың жүлдегері. Бос уақытында сурет салумен айналысады.

Әкесімен қатар, Әмірдің өзімен де тілдесу бұйырды. Шымыр, ізденіспен өмір сүретін 6-сынып оқушысы бұл іспен айналысу барысында өзіңді қалай сезінесің деген сауалға: «Еркіндік», –деп жауап қатты.

«Болашақта бұл спорт түрін жалғастыра беремін. Сонымен қатар, дәл қазір джиу-джитсумен шұғылданып жүрмін. Келешекте әлемді бағындырсам деймін»,– дейді Әмір.

Одан бөлек қандай арманың бар?

Мен суретші болуды армандаймын. Ол үшін де кешкісін сурет салып жаттығамын. Қазір ағылшын тілін меңгеріп жүрмін.

Кеше ғана “EXPO – 2017” көрмесінің аумағында шыны бөтелкелерде тұрып кеудесін 53 мәрте жерден көтерген Әмір жаңа рекорд орнатты.

«Аталған рекордымды 1-қыркүйек «Білім күніне» арнаймын және барлық қазақстандық балаларды жаңа оқу жылында үздік оқып, салауатты өмір салтын ұстануға шақырамын», – дейді жас рекордсмен.

Өмірің жеңіске толы болғай!