Футболдан ұлттық құраманың бас бапкері ауыса ма? Министр жауап берді

Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев футболдан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Магомед Адиев қызметінен кетпейтінін мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Мәжілістің комитет отырысында депутат Ринат Заитов спорт мәселесін көтерді.

"Футбол жанкүйері ретінде өтінішім бар. Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Магомед Адиевке көз тиген бе? "Ахмат" футбол клубын басқарса да қақпаға 7 гол кіргізеді, ұлттық құраманы басқарып, 5 гол кіргізеді. Бас бапкердің біліктілігі мәселесін көтеріп, (ұлттық құрамадан) ауыстыру керек сияқты ", - деді ол.

Ермек Маржықпаев ұлттық құраманың бас бапкері әзірше ауыспайтынын атап өтті.

"Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Магомед Адиев ауыспайды. Оның жұмыс істейтініне сенімдіміз. Магомед Адиевпен арадағы келісімшарт 2025 жылы бітеді ", - деді министр комитет отырысынан соң.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз