Өзбек боксшысын нокдаунға түсірген Тимур Қабдеш чемпион атана алмады

Өзбек боксшысын нокдаунға түсірген Тимур Қабдеш чемпион атана алмады
Фото: kfb.kz

Боксшы Тимур Қабдеш Бакуде өтіп жатқан "Ұлы Жібек жолы" жарысында жеңімпаз атана алмады. 54 килоға дейінгі салмақта жұдырықтасқан отандасымыз финалда өзбек боксшысы Қожаназар Нортожиевке төрешілер шешімімен есе жіберді. 

Жекпе-жек үшінші раундта тоқтатылды. Тимурдың қабағынан алған жарақатына байланысты кездесу жалғасқан жоқ. Ал оған дейін отандасымыз шабуылда ширақ, қорғаныста мығым, қарсыласынан қарымды болған. Тіпті екінші раундта бір рет нокдаунға да түсірген еді. Алайда төрешілер Қожаназарды жеңімпаз деп таныды. 

Жекпе-жек соңынан Тимур нәтижеге көңілі толмайтынын байқатты. Өзбек боксшысы да оның қолын көтеріп құрмет көрсетті. 

Айта кетейік, осыған дейін 48 кило салмақта Теміртас Жүсіпов те финалда жұдырықтасып, әзербайжан боксшысы Хасан Маликовқа жол берген еді. 

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

О. Сансызбай