Қазақстандық боксшы Бакудегі турнирде өзбек боксшысы Жалоловты жеңді

Қазақстандық боксшы Бекзат Таңатар Бакуде өтіп жатқан "Ұлы Жібек жолы" жарысында өзбек боксшысы Самандар Жалоловты жарыс жолынан шығарды. 

86 килоға дейінгі салмақтағы жекпе-жекте отандасымыз төрешілердің бөле жарған нәтижесі бойынша басым болды. Үшінші раундта Жалоловтан екі, Таңатардан бір ұпай алынып тасталды. Бүгін отандасымыз жартылай финалдағы жекпе-жегін өткізеді. 

Бакудегі жарысқа Қазақстан құрамасы сапында 11 боксшы аттанды. Талғат Сырымбетов (60 кило), Дархан Дүйсебай (71 кило), Сағындык Тоғамбай (92 кило) мен Теміртас Жүсіпов (-48 кило) жартылай финалға шықты. Ал Қамшыбек Қоңқабаев (+92 кило), Дамир Әбдіқадір (51 кило), Тимур Нұрсеітов (75 кило) пен Серік Теміржанов (63,5 кило) жарысты ерте аяқтады. 

Халықаралық турнирде 11 елден келген 121 боксшы сынға түсуде. Олардың арасында Қазақстан, Әзербайжан, Өзбекстан, Ресей, Польша, Қырғызстан, Тәжікстан, Иран, Италия, Пәкістан және Венгрия боксшылары бар.