Теннисші Арина Соболенко жігітінің өліміне қатысты алғаш рет пікір білдірді

Теннисші Арина Соболенко жігітінің өліміне қатысты алғаш рет пікір білдірді
Фото: instagram.com/sabalenka_aryna

Беларусь теннисшісі Арина Соболенко бірнеше жыл бойы қарым-қатынаста болған "Салават Юлаев" хоккей клубының бұрынғы шабуылшысы Константин Кольцовтың өліміне қатысты алғаш рет пікір білдірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"Костяның өлімі - сөз жетпес трагедия, біз бірге болмасақ та, жүрегім ауырды. Осы қиын кезеңде менің жеке өміріме және оның отбасының жеке өміріне құрметпен қарасаңыздар екен", - деп жазды әлемнің екінші ракеткасы Instagram-дағы парақшасында.

Константин Кольцовтың кенеттен қайтыс болғаны 19 наурызда белгілі болды. НХЛ бұрынғы ойыншысы және Арина Соболенконың жігіті Майамидегі қонақүйде балконнан секіріп, өз-өзіне қол жұмсағаны айтылып жатыр.

Кольцов "Салават Юлаев" сапында 2006-2012 жылдар аралығында өнер көрсетті, 2008 жылы Ресей чемпионатын, 2011 жылы Гагарин кубогын жеңіп алды. 2022 жылғы маусымынан бастап бас бапкердің көмекшісі болып жұмыс істеді.

Соболенко мен Кольцов қарым-қатынасы туралы алғаш рет 2021 жылы жариялады. 42 жастағы хоккейшінің бұрынғы некесінен үш баласы бар.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

М. Лұқпан