Қазақстандық боксшылар жекпе-жекке шықпай-ақ 4 медаль жеңіп алды

Сербия елінің астанасы Белградта бокстан Бранко Пешичті еске алуға арналған халықаралық турнир басталды. Оған Қазақстан құрамасының боксшылары да қатысып жатыр. 

4 боксшымыз жарыста жекпе-жек өткізбей-ақ жүлделі орынға ілігіп үлгерді. Санжар Тәшкенбай (51 кило), Даулет Молдашев (54 кило) пен Олжас Боқаев (+92 кило) турнирді жартылай финалдан бастайды. Олар кемі қола жүлде иегері атанып үлгерді. Ал 48 килоға дейінгі салмақта Ернұр Қайрат бірден финалда жұдырықтасады. Оның салмағында боксшылар толық келмеген. 

Белградтағы жарысқа Оразбек Асылқұлов (57 кило), Бейбарыс Жексен (60 кило), Ерасыл Таңқай (63,5 кило), Сабыржан Аққалықов (71 кило), Диас Молжігітов (75 кило), Ерасыл Жақпеков (80 кило), Темірлан Мұқатаев пен Данияр Рахымбердинов (92 кило) те қатысуда. Жарыс 17 наурызға дейін жалғасады.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз