Хоккейден Қазақстан жастар құрамасының қақпашысы канадалық команда сапында шайба соқты

Хоккейден Қазақстан жастар құрамасының қақпашысы Владимир Никитин Канаданың "Чиллифак Чифс" командасы сапында шайба соғып, жанкүйерлерді таңғалдырды. 

19 жастағы қақпашы Британиялық Колумбия лигасында (жасөспірімдер лигасы) ойнайды. Осы маусымда ол 19 матч өткізіп, соққылардың 90,2% қайтарған. 

Ойында Владимир Никитиннің командасы қарсылас болған "Алберни Вэлли Бульдогсты" 4:1 есебімен ұтып шықты.

Shaiba.kz сайтына берген сұхбатында ол шайба соққаннан кейінгі қуанышын, ерекше әсерін айта кеткен:

Соққан голдан алған әсерім керемет, сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Шынымды айтайын, өзім күтпедім. Соққым келді, бірақ шайба қақпаға кіреді деп ойламадым. Соқтым. Сосын бәрі мені құттықтай бастады. Мен дірілдеп кеттім, не болып жатқанын түсінген жоқпын. Киім ауыстыру бөлмесінде де командаластарым қайта-қайта келіп құттықтап жатты. Ал, бапкер болса «бұл керемет ойын болды» деп мені мақтады, - дейді жас қақпашы.

Владимир Никитин – Екібастұз хоккей мектебінің түлегі. Канадаға кетпестен бұрын ол "Барыстың" жастар құрамында ойнаған.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

О. Сансызбай