Мессидің Instagram желісіндегі оқырмандар саны жарты миллиардқа жетті

Аргентиналық футболшы Лионель Мессидің Instagram әлеуметтік желісіндегі оқырмандар саны 500 миллионға жетті. Оның "Интер Майами" командасына ауысуы АҚШ-ғы танымалдылығын арттырып қана қоймай, жаңа коммерциялық мүмкіндіктеріне де жол ашты. 

Месси әлемдегі танымал тұлғалардың бірі. Оның MLS командасына қосылуы, осы лигаға қызығушылардың да санын арттырды. 

Аргентиналық футболшы біздің лигамызды жаңа деңгейге көтерді, қарқын қосты. Оның келуі арқылы лигадағы жұмыстар жанданып шыға келді, - деген еді жуырда ғана MLS комиссары Дон Гарбер. 

Мессидің парақшасына жазылғандардың 72%-ы ерлер және 85% оқырмандарының жасы 34-тен төмен. Бір қызығы ең көп оқырмандар саны Бразилия елінен (12%) екен. Одан кейінгі орындарға Үндістан (8,1%), Аргентина (6,5%) және АҚШ (6,2%) елдерінің тұрғындары жайғасқан.

Футболдағы бәсеке секілді, Instagram желісінде де Месси мен Роналду бәсекелес. Дегенмен мұнда португалдық футболшының оқырмандар саны көп. Қазіргі таңда Роналдудың ресми парақшасына жазылған оқырмандар саны 662 миллионға жеткен. Бұл Instagram-ның өзінің ресми парақшасынан 7 миллионға аз. 

Роналду бұл әлеуметтік желіде жарты миллиард оқырман жинаған алғашқы адам. Месси екінші болып бұл межені бағындырды. 

Instagram желісінде оқырманы ең көп 10 ресми парақша:

1. Instagram ресми аккаунты: 669 миллион
2. Криштиану Роналду: 662 миллион
3. Лионель Месси: 500 миллион
4. Селена Гомес: 429 миллион
5. Кайли Дженнер: 400 миллион
6. Дуэйн "Скала" Джонсон: 397 миллион
7. Ариана Гранде: 380 миллион
8. Ким Кардашьян: 364 миллион
9. Бейонсе: 320 миллион
10 Хлоя Кардашьян: 310 миллион

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!