Габондық шабуылшы Еуропа лигасының үздік сұрмергені атанды

Габондық шабуылшы Еуропа лигасының үздік сұрмергені атанды
Фото: ©twitter.com/OM_Officiel

Футболдан Еуропа лигасының 1/16 финалында Марсельдің "Олимпик" командасы Донецкінің "Шахтер" клубын жарыс жолынан шығарды. Ойында гол соққан Пьер-Эмерик Обамеянг жарыстың ең үздік сұрмергені атанды. 

Ойында "Олимпик" 3:1 есебімен жеңіске жетті. Пьер-Эмерик Обамеянг, Исмаил Сарр және Жоффрей Кондогбия гол соқты. Қонақтар қатарынан Георгий Судкаов бір голды еншісіне жазды. Осылайша екі кездесу қорытындысы бойынша француз командасы келесі кезеңге өтті. 

Пьер-Эмерик Обамеянг Еуропа лигасы тарихындағы үздік сұрмергендер көшін бастады. Шабуылшы "Шахтер" қақпасына осы жарыстағы 31-голын соғып, Радамель Фалькаоны басып озды. 

Габондық шабуылшы "Арсенал" сапында ойнап жүргенде 14 гол соққан, "Боруссияда" ойнағанда 8 голды еншісіне жазған. "Барселона" сапында жүргенде 2 гол, қалған 7 голын осы "Олимпикте" жүріп соқты. 

Футболшы бұл нәтижесін осы маусымда тағы жаңарта алуы мүмкін. Өйткені оның командасы плей-оффтағы ойындарын жалғастырады.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

О. Сансызбай