Кездесулердің бірінде комаға түскен Айдос Ербосынұлы промоутерлік компаниямен келісімін үзді

Кездесулердің бірінде комаға түскен Айдос Ербосынұлы промоутерлік компаниямен келісімін үзді
Фото: әлеуметтік желіден

"Suleimen Promotions" кәсіпқой боксшы Айдос Ербосынұлымен келісімшартты бұзды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Компанияның баспасөз қызметі мәліметінше, екі тарап та осындай мәмілеге келген.

 "Әр түрлі аспектілерді мұқият талқылай отырып, таразылаған соң, тараптар ынтымақтастықты аяқтау туралы шешім қабылдады. Боксшыға жаңа мүмкіндіктер іздеуге жол беріп, "Suleimen Promotions" қанатында болған кездегі жетістіктері үшін алғыс білдірді. Біз Айдос Ербосынұлымен ынтымақтасуға және оның спортшы ретінде дамуын көруге мүмкіндік алғанымызды мақтан тұтамыз. Оның адалдығы, кәсібилігі мен табандылығы әрқашан біздің тарихымыздың маңызды бөлігі болып қала береді. Айдосқа болашақ талпыныстарына сәттілік тілейміз және оның таланты мен жоғары нәтижеге жетуге деген ұмтылысы оны жаңа биіктерге жетелейтініне сенімдіміз", - деп жазды "Suleimen Promotions" өкілдері.

2022 жылы әлеуметтік желіде қазақстандық Айдос Ербосынұлының (16-1, 11 КО) кубалық Давид Моррелмен (8-0, 7 КО) жекпе-жекте нокаутқа түскен сәтінің видеосы пайда болды. Бұл кезде 12 раундқа есептелген кездесу толық өтті. Алайда он екінші раундта кубалық боксшы Айдосты ауыр нокаутқа түсірген еді.

Кейінірек SibbieBoxing YouTube-арнасының авторы кубалық Давид Моррелден (8-0, 7 КО) нокаутқа түскен Айдос Ербосынұлын (16-1, 11 КО) рингтен зембілге салып алып кеткенін мәлімдеді. 

Айдос Ербосынұлының комаға түсуіне кім кінәлі екені айтылды

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев боксшы Айдос Ербосынұлына қолдау жеделхатын да жолдады.

Ал кейін Айдос Ербосынұлының ауыр нокауттан кейінгі жағдайы белгілі болып, қарапайым палатаға ауыстырылғаны айтылды. Сарапшы Дэн Рафаэль өз дереккөздеріне сілтеме жасап, Ербосынұлы комадан шыққанын және ауыр нокауттан кейін жағдайы жақсарып келе жатқанын айтты.

Сонымен қатар, ол комадан шыққаннан кейін отандастарына жазба жариялап, қолдау білдіріп отырғандарға алғысын білдірді.

2022 жылы желтоқсанда спортшы Қазақстанға оралды. 

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова