"Кіші әлем чемпионатына" Қазақстаннан екі кәсіпқой боксшы барады

"Кіші әлем чемпионатына" Қазақстаннан екі кәсіпқой боксшы барады
Фото: ©instagram.com/kulakhmet_tursynbay/

Кәсіпқой бокста бақ сынап жүрген екі бірдей қазақстандық боксшы ұлттық құрамамен бірге Софияда өтетін халықаралық турнирге қатысады. "Кіші әлем чемпионаты" саналатын бұл жарысқа қатысатын боксшылар тізімі жарияланып үлгерді. 

Ұлттық құрама сапына кәсіпқой бокста жұдырықтасып үлгерген Тұрсынбай Құлахмет пен Талғат Шәйкен шақырту алған. Олар 80 және 71 килоға дейінгі салмақта ел намысын қорғайды. 

Софиядағы "Странджа" турнирі биыл 2-12 ақпан аралығында өтеді. Онда отандастарымыз 10 салмақ дәрежесінде жүлдеге таласатын болады. Өткен жылы боксшыларымыз алтын алмай қайтқан еді. 

Тұрсынбай Құлахмет 2020 жылдан бері кәсіпқой бокста бақ сынап жүр. 7 жекпе-жек өткізіп, 6-да жеңіске жетті. 1 рет қарсыласына есе жіберді. Өткен жылдың желтоқсан айында Сандерлендте француз боксшысы Фуад Эль-Массудиді төрешілер шешімімен жеңіп шықты. Әуесқой бокста әлем чемпионатының қола жүлдегері (2019 ж), сондай ересектер және жастар арасында Азия чемпионы. 

Талғат Шәйкен болса 2022 жылдың қараша айынан бері кәсіпқой бокс жекпе-жегіне шыққан жоқ. Әуесқой бокста жасөспірімдер арасындағы Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері, жастар арасында Азия чемпионы. 

Турнирде бақ сынайтын боксшылар қатарында әлем чемпионы Санжар Тәшкенбай да бар.

51 кг: Санжар Тәшкенбай
54 кг: Дәулет Молдашев
57 кг: Оразбек Асылқұлов
60 кг: Руслан Күзеубаев
63,5 кг: Ерасыл Таңқай
67 кг: Дулат Бекбауов
71 кг: Талғат Шайкен
75 кг: Нұрқанат Райыс
80 кг: Тұрсынбай Құлахмет
86 кг: Абзал Құттыбеков

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

О. Сансызбай