- Негізгі бет
- Сочи-2014
- Сочи медальдары тексерістен...
Сочи медальдары тексерістен өтті
Олимпиада ойындарында сарапқа салынатын барлығы 98 медальдар жиынтығы сапасы мен стандартына орай тексерістен өтті. Енді жүлделер 5 ақпан күні жарыс ұйымдастырушыларына жөнелтілетін болады.
Сочи медальдарын дайындау да оңай түспегенге ұқсайды. Нұсқасы алдын ала бірнеше рет өзгертуге ұшырап, өткен жылдың желтоқсан айында толық дайындалып біткен болатын. Медальдарды дайындау кезінде, олардың беріктігіне баса назар аударылған. Соның нәтижесінде, әлем тынысын тарта күткен аламанның медальдары қырынан 2 тоннаға дейін, ал жалпағынан 8 тоннаға дейін салмаққа шыдас бере алады екен. Ал медальдың бауы мен бекітілетін штифті де 100 келіден артық салмаққа төзімді көрінеді.
Сонымен қатар, тәуелсіз сарапшылар комиссиясының мүшелері медальдарды тексеру барысында зергерлік бұйымдар сапасын бағалау стандарттарын басшылыққа алды. Олар медальдарды табиғи жарықта қарап, бауының (лента) берік байлануын, оған кристаллдардың дұрыс орнатылуын, қорғаныш қабатының сапасын, және басқа да сипаттамаларының ережелерге сәйкес болуын тексерді.
Естеріңізге сала кетсек, Сочи қысқы Олимпиада ойындарында ел намысын қорғайтын 52 спортшының есімі белгілі. Ал байрақты бәсекенің ашылу салтанатында еліміздің Туын шаңғышы Ердос Ахмадиев көтеріп шығады.
Дайындаған: Өмірбек Сансызбай
Сурет: for-ua.com
О. Сансызбай