Сочиде Ердос Ахмадиев ту ұстап шығады

Сочиде Ердос Ахмадиев ту ұстап шығады

Сочиде өтетін қысқы олимпиада ойындарының ашылу салтанатында Қазақстан туын ұстап шығатын спортшының есімі белгілі болды.

14 қаңтарда шаңғы спортынан Қазақстан чемпионатының алғашқы кезеңі басталады. Ел біріншілігіне Алексей Полторанин секілді мықты шаңғышылар қатысады деп күтілуде. Алексей жекелеген бәсекеде бақ сынайды. Жарыс алдында Шаңғы спортынан ұлттық құраманың бас бапкері Александр Батяйкин, спортшылардан Николай Чеботько және Ердос Ахмадиевтердің қатысуымен баспасөз мәжілісі өтті. Жиында Сочиде өтетін қысқы олимпиада ойындарының ашылу салтанатында ел құрамасының туын ұстау құрметі Ердос Ахмадиевке табысталды.

Ел біріншілігінің негізгі кезеңі 15 қаңтарда басталады. Ал 16 қаңтарда жекелеген спорт түрлерінен Украина, Түркия елінің спортшыларымен сынға түсеміз.

Елдос Ахмадиев жаңа ғана Sports.kz сайтына берген сұхбатында: "Мен бұл жаңалықты бас бапкерімнен естідім. Әрине алғашқыда таң қалдым. Бұл - мен үшін үлкен қуаныш. Бұндай сенім артқаны үшін алғыс айтамын, әрі ақтауға тырысамын. Ертең шаңғы спортынан Қазақстан чемпионаты басталады. Мен үшін ең бастысы Сочидегі олимпиада ойындары. Ал ел біріншілігін жарыс алдындағы үлкен дайындық деп есептеймін", - деген ойымен бөлісті. 

Ердос әлем чемпионаттары мен Азия ойындарына қатысқан, Сочиде бірнеше қашықтықта жарысқа шығады.

Естеріңізге сала кетсек, Ванкуверде өткен қысқы Олимпиада ойындарында Қазақстан туын биатлоншы Диас Кенешев ұстаған болатын. Сочиде жалауын көтеретін қысқы Олимпиада ойындары ағымдағы жылдың 6-23 ақпан аралығында өтетінін қаперлеріңізге береміз.

Дайындаған: Нұржігіт Айдархан

Сурет: Vesti.kz

Ш. Талап