Канадалық шаңғышы алтынын мүгедек ағасымен тойлады

Канадалық шаңғышы алтынын мүгедек ағасымен тойлады

Сочи Олимпиадасында фристайлдың могул сайысы бойынша сынға түсіп, бірінші келген Билодо көрермендерді спортшылардан бөліп тұрған бағананың артынан церебральды сал ауруына шалдыққан ағасы Фредерикті көтеріп алып шығады. Ол ағасын қатты құшақтап, бетінен сүйеді. Билодо жеңісті бірінші кезекте ағасымен бөлісуді қалады.

Александр Болидо тілшілерге берген сұхбатында Фредерик болмаса, баяғыда спорттан кетіп қалатындығын айтқан екен. Ағасы әрдайым оның күшіне, жігеріне сеніп келген.

– Білесіздер ме, егер ауру ағам болмаса, мен спорттан баяғыда-ақ кетіп қалар едім. Ванкувердегі жеңісімді ағама арнаған едім, кейін ол менің Сочиге де баруымды қалап, лауазымыңды қорғап шық деп сенім артты.

Кейбір кездері ұйқыдан тұрған соң далаға қарап, дайындыққа бармай-ақ қойсам ба екен, бір күн жаттығу залына бармасам ештеңе етпейді ғой немесе мынадай жауынды күні трамплинде не істеймін деген ойлар келетін. Ал кейін ағама қарап, менің бір күнім үшін, Олимпиадаға қатысу үшін ол бәрін беруге дайын екенін түсінетінмін.

Сондай мүмкіндікке ие болу үшін күнде жүгіруге де дайын еді. Содан кейін дайындыққа бармай-ақ қойсам деген ойлар өз бетімен жоғалатын. Фредерик кейде мен жайлы фантастикалық түстер көреді, мен кейде супермен сияқты ғажайып күшке ие болып жүреді екенмін. Мен оның көңілін қалдырмау үшін және оның үмітін ақтау үшін қолымнан келгеннің бәрін жасаймын.

Менің олимпиадалық алтын медалім бар, және оны ешкім тартып ала алмайды. Бірақ ағам үшін тағы тырысып көрдім, - деді 26 жастағы канадалық фристайлшы.

Сурет: vk.com

Дайындаған: Анар Мұстафина

A. Mustafina