Сочи - 2014. Қытай құрамасы үшінші алтынын жеңіп алды

Сочи ХХІІ қысқы Олимпиадасының әйелдер арасында шорт-тректен өткен 1500 метрлік сайысында қытайлық қыз Ян Чжоу чемпион атанды.

Ян Чжоу мен корейлік қыз Сук Хи Шин соңғы сәтке дейін алтынға таласып келді. Алайда қытайлық спортшының бағы жанып, Қытай құрамасының қоржынына үшінші алтын түсті. Осылайша күміске Сук Хи Шим ие болса, қоланы италияндық Ариане Фонтане жеңіп алды.

Естеріңізге сала кетсек, осы сынға қатысқан жерлесіміз Инна Симонова іріктеу кезеңінен аса болмаған болатын. Санаулы минуттардан кейін коньки тебу спортында төрт бірдей отандық спортшымыз бақ сынайды. Ерлер арасында 1500 метр қашықтықта жарыс жолына Денис Кузин, Николай Бабенко, Александр Жигин, Федор Мезенцев шығады. Тікелей көрсетілімді «Хабар» арнасынан Астана уақытымен сағат 19:00-де көре аласыздар.

Дайындаған: Әкежан Дәкен

Сурет: rbc.ru