Сочиде бұрынғы полиция қызметкері чемпион атанды

ХХІІ қысқы Олимпиада ойындарына жаңадан қосылған әйелдер арасында тұғырдан (трамплин) секіру спортында тұңғыш чемпион атанған неміс аруы Карина Фогт бұрын полиция қызметкері болған екен. Оның бұл сында жеңімпаз атанатынына Германия құрамасы бапкерлері күмәнмен қараған болатын. Тіпті басты фаворит саналатын ондықтың құрамында да болмаған көрінеді.

Ол осыған дейін әлемдік деңгейдегі ешбір байрақты бәсекелерде биік белестерді бағындырмаған. Тұғырдан секіру спортының барын 4 жасында біліп, шұғылдануды армандаған екен.

 - Мен жеңіске жеткеніме сене алар емеспін. Осыдан үш жыл бұрын дәл осындай жеңісті бағындырамын деп ойламаппын. Мен әйелдер арасындағы «қанатты шаңғышылар» сайысында тұңғыш Олимпиада чемпионы атанғаныма қуаныштымын! – деді Карина Фогт жарыстан кейін тілшілерге.

Естеріңізге сала кетсек, Сочидегі бұл санаттағы жаңадан қосылған сында қазіргі Әлем чемпионы 19 жастағы Сара Хендриксон чемпион атанады деп күтілген болатын. Дегенмен америкалық қыздың жарақаты бұл межені бағындыруға мүмкіндік бермеді.

Дайындаған: Өмірбек Сансызбай

Сурет: ria.ru