- Негізгі бет
- Сән
- Пальтоны қалай таңдаймыз?...
Пальтоны қалай таңдаймыз?
Пальто – күзгі гардеробта өзіндік орны бар сыртқы киім. Егер мүмкіндік болса, әйел гардеробында екі пальто болғаны дұрыс: біреуі – базалық, екіншісі – екпінді түрі. Егер өзіңізге жарасымды пальтоны әлі таппаған болсаңыз, бірнеше жыл қатарынан киюге болатын жақсы пальтоны қалай таңдау керегін айтамыз.
Пальто пішіні мен дене сымбаттылығының ерекшелігі
Әр дене пішініне арналған пальто түрі болады. Ол дене сымбаттылығының артықшылығын айқындап, кемшілігін жасыруы тиіс. Ол үшін сіз нені жасырғыңыз және нені көрсеткіңіз келетінін білуіңіз керек.
Иығы үлкен және белі жіңішке ("төңгерілген үшбұрыш") қыздарға пальто-кокон, тік пішінді пальто және төмен жағы кең пальто жарасады. Сондай-ақ, жағасының қайырмасы өте кең және екпінді болмауы тиіс. Иық сызығына да мән беріңіз: пальтоның иығы түсіп тұратын түрін алмаңыз, ол иығыңызды визуалды түрде одан сайын үлкейтіп көрсетеді.
Дене пішіні "құмсағат" қыздарға беліне екпін қойылатын пальто түрлері үйлеседі: пальто-халат немесе қынама бел пальто.
Егер саныңыз үлкен, ал иығыңыз кішкентай болса ("алмұрт"), сізге пальто-халат пен трапеция пішімді пальто келеді. Көлемді қалталары бар пальтодан аулақ болыңыз, ол саныңызды одан сайын үлкейтіп көрсетеді.
Бел жағында артық салмағы бар қыздарға ("алма") трапеция пішімді пальто, пальто-кокон және пальто-кейп жарасады. Беліне екпін беретін деталі бар пальто алмаған жөн.
Белі көрінбейтін немесе әлсіз көрінетін қыздар ("төртбұрыш") екі жағына бірдей қаусырмалы (двубортный) пальто немесе пиджакқа ұқсайтын пальтоға мән берген жөн.
Бой
Бойы кішкентай қыздар (160 см және одан төмен) кең жаға қайырмасынан және үлкен жапсырма қалталардан аулақ болуы керек. Олар бойды одан әрі қысқартып көрсетеді. Оның орнына ұзын әрі жіңішке жаға қайырмасына және аса білінбейтін қалтасы бар пальтоға мән беріңіз. Егер пальтоның белдігі бар болса, ол міндетті түрде дәл беліңізде тұруын қадағалаңыз.
Бойы ұзын қыздарға (175 см және одан жоғары) қойылатын қатаң талаптар жоқ. Бірақ сіз де белдің сызығына мән беріңіз: белдігіңіз кеуде астында тұрмауы керек.
Түс пен принт
Пальто базалық болуы үшін және гардеробтағы басқа киімдермен жақсы үйлесуі үшін табиғи түстер мен реңктерді таңдаңыз: сарғыш, сұр, қою қызыл, хаки, қою жасыл, қою көк, қоңыр. Өте ашық түсті пальтоларды басқа киімдермен үйлестіру қиынға соғады. Қара түсті пальто стильді көрінгенімен оның үстіне жиналған кез келген ластық қатты көрініп тұрады. Ал ақ пальто жылдам тозып, өзінің бастапқы түрін тез жоғалтады.
Тор принтті пальтоны қалай таңдаймыз?
Егер біртүсті пальто алғыңыз келмесе, тор немесе қаз табан принтіне мән беріңіз. Бұл принттер базалық түстерден тұрады. Принт көлемді болған сайын ол дене пішінін визуалды түрде үлкейтіп көрсететінін ескерте кетейік.
Құрамы
Ең жылы пальтоға оның 100% кашемирден тұратын түрі жатады. Бірақ мұндай пальто өте қымбат болады. Пальтоның тығыздығына мән беріңіз: матасы қаншалықты тығыз болса, ол соншалықты жылы болады. Сондай-ақ оның түгі қысқа немесес тегістеу болғаны жақсы, әйтпесе, түйіршіктер түзіледі.
Бұйым пішінін сақтап, өзгеріске ұшырамас үшін құрамында 15-20% синтетикалық матаның болғаны жақсы. Егер синтетикалық мата 20%-дан көп болса, пальто уақыт өте түйіршектермен қапталуы мүмкін және суық ауа райында жылытпайды. Күзгі сапалы пальтоның оңтайлы құрамы – 80% жүн (меринос, түйе жүні, ангора) және 20% синтетикалық талшық (полиэстер, полиамид, акрил). Мұндай пальтодан тоңбайсыз, ал синтетикалық жіптердің арқасында ол уақыт өте пішінін жоғалтпайды.
50% жүн мен 50% синтетикалық талшықтардан тұратын пальто (плащтан тонатын, ал өте қалың сыртқы киімнен ыстықтайтын) өтпелі кезеңге жақсы келеді.
Өлшем
Пальтоны сатып аларда міндетті түрде киіп көрген дұрыс. Пальтоны футболканың сыртынан емес, свитердің немесе жемпірдің сыртынан киіп қараңыз. Пальтоны киген соң қолыңызды жоғары көтеріңіз және алдыға созып қараңыз. Ыңғайлы ма? Егер арқа жақтан немесе қолтық тұсынан қандай да бір ыңғайсыздық сезсеңіз, ол сіздің өлшеміңіз емес. Пальтомен ары-бері біраз жүріп көріңіз: ештеңе кедергі жасамауы керек. Пальтоның жіптерін қарап шығыңыз: олардың тегіс болуына көз жеткізіңіз.