Тор принтті пальтоны қалай таңдау керек?

Тор принтті пальтоны қалай таңдау керек?
Фото: bazaar.ru

Сәннен шықпайтын принттің бірі – тор. Тор әр адамның гардеробынан (мысалы, торлы шарф) табылады. Күздің аяқ басуымен, кезек торлы пальтоға келді. Сән көрсетілімдерінен түрлі тор принтті пальтоларды көруге болады. Қазір оны дүкеннен табу да оңай. Ендеше, оны таңдарда неге мән беру керек?

Торлы пальто – қосымша әшекейді қажет етпейтін киім. Себебі пальтоның үстіндегі тордың өзі оны безендіріп тұрады. Сөмке, қолғап, шарфты торлы пальтоға басқа сыртқы киімдерге қарағанда таңдау оңай: олардың біртүсті түрін ала бересіз.

Торлы пальто барлық әйелге жарасады. Себебі оны дұрыс таңдау арқылы дене пішінін визуалды түрде түзеуге болады. Егер арық болсаңыз, торы ірі және әртүрлі түсті пальто таңдаңыз. Сымбатты әрі ұзын бойлы қыздарға қысқа пальто таңдаған жөн. Егер киімнің көмегімен дене пішініңізді, керісінше, арықтау етіп көрсеткіңіз келсе, ұсақ торлы және біртұтас немесе бір-біріне жақын түстерден тұратын пальто қарауды ұсынамыз. Оған қоса, толық әйелдер алыстан қарағанда жолаққа ұқсайтын торды таңдау керек немесе дене пішінін сымбатты етіп көрсету үшін киім үлгісіне вертикаль жолақ беретін қандай да бір деталь қосу керек. Мысалы, ұзын шарф. Ол кезде шарфты мойынға орамай, мойынға жай іліп алыңыз.

Торлы пальтоны классикалық киімдермен де, спорттық киімдермен де үйлестіре беруге болады. Мысалы, соңғы кездері капюшоны бар худилерді пальтомен де кию сәнге айналды. Сонымен қатар, қазір шалбарлы костюмдер сәнге айналды, оны да пальтомен үйлестіру арқылы көпқабатты киім үлгісін жасауға болады.

Торлы пальтоның көпшілікке ұнауының бір себебі – ол суық ауа райында ыстық шай ішіп, оранып отыратын жылы және жайлы жамылғыны еске түсіреді. Сондай жамылғыға ұқсайтын торлы кейп таңдауға болады. Себебі күз-қыс 2019-2020 топтамасының сәнді сыртқы киімдерінің арасында пальто-кейптер де кездесті.  

А. Жапатова