Оқу бітіру кешіне арналған көйлектер

Оқу бітіру кешіне арналған көйлектер
Фото: elle.ru, zara.com

Оқу (мектеп) бітіру кеші – әрбір қыздың есінде ерекше сәт болып қалатын күн. Сондықтан бұл күнге өзіңізге жарасымды, ерекше көйлек таңдау маңызды. Қазір тек кешке арналған емес, жазғы күндері кешкі кездесуге кроссовкамен де киюге болатын жібек көйлектер, асимметриялық көйлектер және ашық түсті шалбарлы костюмдер трендке айналды. Соңғы трендтерге сүйене отырып, оқу бітіру кешіне киюге болатын бірнеше көйлектер топтамасын ұсынамыз.

Жібек көйлек

Дизайнерлер соңғы бірнеше жыл қатарынан ішкиім стилін жиі ұсынып келеді. Бастапқыда бұл стильді көпшілік көшеге киюге болатын киімдер қатарына жатқызбайтын. Алайда, бұл стильдің кең тарағаны соншалық қазір қыздардан ішкиім стиліндегі көйлектер, белдемшелер, топтар және тіпті, шалбарлы костюмдерге дейін көруге болады. Бастысы, бұл стильдегі киімдерді дұрыс үйлестіре білу керек. Себебі ол біреулерде "ұятты", ал басқаларында өте әдемі әрі нәзік көрінуі мүмкін. Бұл стильдегі көйлектерді жиі жібектен тігеді. Өте жұқа жібек матаны шілтермен безендірген түрлері де бар. Мұндай нәзік және әдемі жібек көйлекті киіп көруіңізге болады.

Нәзік түсті көйлек

Ақ, алқызыл, көкшіл, әлсіз сары және басқа да жұмсақ түстер кез келген қызға жарасып, оның нәзіктігін айқындай түседі. Сонымен қатар, мұндай түстер жаз мезгілінің түстері десек те болады. Мысалы, Иванка Трамп Кот Д’Ивуардағы салтанатты кешке киген нәзік алқызыл көйлегі жұртты таңғалдырды. Қазір көйлектің артына түсіп тұратын кейп сәнде екенін айта кетейік. Иванка Трамптың көйлегіндегі кейп оған салтанаттылық сыйлап тұр. Егер тапсырыспен көйлек тіктіру ойыңызда болса, бұл нәзік көйлекті идея ретінде қарастырсаңыз болады.

Қара көйлек

Қара көйлек – кештерге арналған стандартты көйлектің бірі. Оның өзіңізге жарасымды түрін тапсаңыз, ұтымды киім үлгісін жасауға болады. Әрбір қыздың гардеробында кемінде бір қара көйлек болуы тиіс. Қара түстің артықшылықтары көп: ол дене пішінін визуалды түрде арықтатып көрсетеді және барлық адамға жарасады. Қазір викториандық стиль трендке айналды. Сондықтан, викториандық стильдегі шілтерлі қара көйлек таңдап, оны салтанатты қалпақпен толықтырсаңыз, ерекше киім үлгісі шығады. 

Костюм

Соңғы жылдары, әсіресе, 2019 жыл – шалбарлы костюмнің, пиджактың кең тараған мерзімі. Ол күз-қыс, көктем-жаз мерзімінің де хиты десек қателеспейміз. Костюм күндізгі де, кешкі де киім үлгісіне толықтыру бола алады. Кешкі көйлектің орнына әдемі шалбарлы костюм таңдауға болады немесе көйлектің сыртынан иығыңызға іліп қоятын дара костюм алсаңыз да болады. Егер оқу бітіру кешіне шалбар кигіңіз келмесе, бірақ осы стиль ұнаса, онда костюм-көйлек таңдауға болады. Костюм-көйлекті жұрттың назарында жүрген Меган Марклдан жиі байқауға болады. 

Жылтыр көйлек

Жылтыр көйлек кез келген мерекеде, кеште ерекшеленуге көмектеседі. Жылтыр көйлек таңдасаңыз, қосымша әшекейлер туралы уайымдамасаңыз болады. Себебі мұндай көйлек артық детальді қажет етпейді. 

А. Жапатова