Күзгі сән-2015. Брог туфлиі

Күзгі сән-2015. Брог туфлиі
Фото: blogspot.com

Кейбір бикештер күніне бірнеше шақырым жүреді. Мұндай кезде биік өкшелі аяқ киім өте қолайсыз. Сондықтан біз сіздерге брог туфлиін алуға кеңес береміз.

Бұл қандай аяқ киім?

«Brogue» сөзі галл тілінде «бізбен тесу» деген мағынаны білдіреді.

ХVІІ ғасырда ирлан және шотлан фермерлері күні бойы қой жайып жүріп аяқтары ыстықтаған соң, аяқ киімдерін бірнеше жерден тесіп, «желдеткіш» жасаған.

Мұндай туфлилер жаңалыққа жаны құмар сәнқойлардың назарына ілігіп, бірте-бірте дүниежүзіне тарады. Дизайнерлер қыз-келіншектер қауымына да арнап шығаратын болды.

Заманауи брогтың тесіктері қазір сән үшін жасалады. Осындай былғарыдан не күдеріден тігілген брог туфлиін сатып алсаңыз, еш ұтылмайсыз.

Кейбіреулер брогты оксфорд туфлиімен шатастырып жатады. Брогтың ең басты ерекшелігі — тұмсық жағына құстың қанаты тәрізденген өрнек салынады және тесіктері де көбірек.

Брог туфлиін немен киеміз?

Брог туфлиінің өкшесі аласа болатындықтан оны шалбармен (тобыққа дейін жететін шалбармен де болады) киген абзал. Аласа бойлы аруларымыздың бойы одан сайын кішкентай болып көрінбес үшін осы қағидатты ұмытпау керек.

Оны етегінің ұзындығы әртүрлі кең көйлек не белдемшемен үйлестіре аласыз.

Екі түрлі: қара, ақ түсті және лакталған брогты жакет-шалбармен кешкі шараларға киіп барып, мінсіз талғамыңызбен жиналған жұртты таңғалдыра аласыз.

Жоғары сыныптың оқушы қыздары қара, көк, қоңыр түсті брогты плиссе не қыртыстанған белдемшемен кие алады – әрі сәнді, әрі аяқ шаршамайды.

Ал төменгі сыныптағы бүлдіршін қыздардың брогты тартан белдемше және ақ шұлықпен үйлестірулеріне әбден болады.

Еркіндікті жаны қалайтын ерке қыздарымызға, әрине, брогпен чинос немесе boyfriend шалбарын киген жақсы жарасады.

Ф. Абилова