Көктем-жаз 2020: Сәнді аксессуарлар

Көктем-жаз 2020: Сәнді аксессуарлар
Фото: focus.ua

Аксессуарлар киім үлгісін құрау кезінде маңызды рөл атқарады. Дұрыс таңдалған аксессуарлар стильді киім үлгісін тиянақтауға көмектеседі және өзіндік ерекшелік сыйлай алады. Осы жылдың ең сәнді аксессуарларына тоқталайық.

Белдік


Бұл жылы сән индустриясы киім үлгісіне айрықша екпін ретінде классикалық белбеулерді ғана емес, сондай-ақ шынжыр белдіктер мен жіптен өрілген белбеулерді қолдануды ұсынды. Мұндай белдіктерді көйлектердің және жакеттердің сыртынан тағу сәнге айналды. Ал орташа жалпақтықтағы классикалық белбеулерді дизайнерлер белі жоғары тұратын шалбарға тағуға кеңес береді.

Орамал

Сән көрсетілімдерінде орамалдар өте жиі кездесті. Оны жай арқаға іліп алуға, мойынға байлауға, шашқа аксессуар ретінде қолдануға немесе бас киімнің орнына, мысалы, тюрбан ретінде байлауға болады.

Панама

Панамалар былтыр қайта сәнге оралған болатын. Ол биыл да сән көрсетілімдерінен жиі байқалды. Бұрын панаманы тек жағажайға киетін бас киім ретінде қабылдайтын. Ал қазір дизайнерлер мен сәнқойлар оны күнделікті киім үлгісімен, тіпті, классикалық және кешкі киім үлгісімен үйлестіреді.

Сырға

Биыл түрлі пішіндегі ірі сырғалар сәнде болады. Соның ішінде, тастары бар немесе еш декорсыз дөңгелек сырғалар трендке айналады. Ал батыл қыздарға дизайнерлер ірі әрі ерекше сырғаны тек бір құлаққа тағуды ұсынды.  

Білезік

Бұл жылы дизайнерлер өте ірі және жалпақ білезіктер ұсынды. Бір сән көрсетілімінен оның қарапайым көлемді түрі кездессе, ал басқасында ерекше дизайнмен жасалған түрлері болды.

Маска

Короновирус індетінің әлем бойынша таралуы сән әлеміне де әсер етті. Тастармен, қауырсындармен және түрлі принттермен безендірілген маскалар пайда бола бастады. Дизайнерлік маскалар әдемі болғанымен олар әркез вирустан қорғай бермейді. Бірақ атақты адамдардың көпшілік ортада жасырынуына көмектесе алады.

А. Жапатова