Жылтыр киімді қалай киеміз?

Жылтыр киімді қалай киеміз?

Жылтыр киім киюге көп қыздың батылы бара бермесе де, стилистер жылтыр киімді жарастырып киюдің жолдарын айтуда. 

Мәселен, жылтыр көйлекті тойға, салтанатты шараларға киіп баруға болады. Ал жылтыр мойынорағыш немесе аяқ киімді жұмысқа кисеңіз айыбы жоқ.

Жарқыраған киім кидім дегенше, көзге түстім дегейсіз. Жылтыр киім назарға көп алынатынын ұмытпаңыз. Сондықтан жылтыр бұйымды өз мүсініңізге қарай таңдағаныңыз жөн. Аққу мойын қыздар жылтыр мойынорағыш, қыпша бел қыздар жылтыр белбеу таңдауы керек. Ал артық салмақпен күресіп жүрген аруларымыздың жылтыр бұйымнан қашқаны дұрыс. Өйткені жылтырдың адамды ірі етіп көрсететін қасиеті бар. 

Стилистер бір бейнеге екі жылтыр аксессуардан артық тақпаңыз дейді. 

Жылтыр костюм мен көйлек

Кешкі отырыс, салтанатты шара үшін таптырмас таңдау. Жылтыр көйлектің сыртынан классикалық костюм киіңіз. Ал жылтыр костюм ішінде классикалық көйлек болсын. 

Жылтыр шалбар 

Астыңыз жылтыр болса, үстіңіз біртүсті, жинақы болғаны жөн. Және керісінше. Жылтыр шалбармен бірге жылтыр блузкі киюге кеңес бермейміз. 

Жылтыр сөмке, аяқ киім мен аксессуарлар

Жылтыр сөмкені тек отырысқа ғана емес, үнемі ұстауға әбден болады дегенді айтады стилистер. Ал жылтыр аяқ киімді ең қарапайым киіммен бірге кисеңіз артық емес. Туфлиді былай қойып сөйлесек, жылтыр спорттық аяқ киімдердің өзі көзге үйреншікті болып кетті. Жылтыр аксессуарлар болса, күнделікті бейнеңіздің ажырамас бөлігі бола алмақ. 

Жылтыр маникюр

Тартымды болам десеңіз, жылтыр маникюрдан бас тартпаңыз. Тек атаулы күн, мейрамда ғана емес, үнемі жылтыр маникюр таңдасаңыз, қарапайым бейнеңіздің өзі салтанатты бейнеге айналып шыға келмек. 

Дайындаған: Мейіргүл Оңғарова

Сурет: vk.com, favim.ru

Р. Роза