- Негізгі бет
- Сән
- Жазғы сән: Гладиатор...
Жазғы сән: Гладиатор сандалы
«Гладиатор» дегенде, бір сәтке тарихтың қойнауына ойша саяхат жасай жөнелуіңіз мүмкін. Алайда келген жеріңізден тоқтап, кері қайтыңыз. Бұл - биылғы сәндегі аяқ киім.
Аяқ киімнің бұл түрі 2013 жылы подиумнан қылаң берген еді. Өзінің идеясымен, пішінімен ерекшеленетін гладиатор сандалын дизайнерлер түрлендіріп, 2015 жылғы жазғы трендке қосты.
Дизайнерлердің ара-тұра этникалық стильдерге сүйенетіні белгілі. Түп төркіні Ежелгі Грекия болып есептелетін, гладиатор сандалы қандай аяқ киім?
Бұл - жіңішке қайыстармен әртүрлі етіп безендірілген, ұзынды-қысқалы жаздық аяқ киімдер. Оның аласа, орташа және биік өкшелі түрлері бар болғандықтан, әркім өзіне қалағанын таңдай алады.
Гладиатор сандалын қандай киімдермен үйлестіреміз?
Мұның бір ерекшелігі дресс-кодпен кие алмайсыз. Әрине дресс-код қатаң сақталмайтын, редакция, баспа, сайт, кино студия және т.б. шығармашылықпен жұмыс істейтін ұжымда кие беруге болатыны сөзсіз.
Гладитор сандалы қабылан стилі сияқты өте жоғары талғамды талап етеді. Сол себепті төмендегі кеңестерді есте ұстағаныңыз абзал.
Биік өкшелі, ұзын қонышты гладиаторды кигенде жоғары жағыңыздың тым ашық болмағаны жөн. Сондықтан осындай түрін сатып аларда немен үйлестіретініңізді алдын ала үйде таразылап, шешіп алғаныңыз жөн.
Егер күнделікті кигіңіз келсе, аяғыңыз биік өкшеден шаршамай ма? Оны да ойлаңыз. Оның үстіне биік өкшелі, ұзын қонышты гладиатор киетін бойжеткеннің аяғы мінсіз: ұзын да түзу болғаны абзал. Гладиатордың бұл түрі негізінен, той көйлектеріне лайық.
Аласа өкшелі гладиатор қыз-келіншектердің сымбатына, бойының ұзын-қысқалығына қарамастан, барлығына дерлік жарасады. Оны қысқа шортымен, көйлекпен, белдемшелермен кие беруге болады. Дегенмен ашық декольтемен киюге болмайтынын естен шығармаңыз. Күнге әбден күйгеннен кейін барып, кеудеңізді ашуға болады.
Этникалық стильдегі әшекейлерді таққан жарасымды. Образды кроссбоди сөмкесі толықтырады.
Сурет: shopbop.com
Ұқсас жазба:
Көктемгі сән: Спорттық аяқ киімдерді спорттық емес үлгіде кию
Ф. Абилова