- Негізгі бет
- Сән
- Жазғы сән: Арт-деко...
Жазғы сән: Арт-деко стилі
Классикалық стильдің ешқашан сәннен қалмайтыны белгілі. Алайда үнемі жаңалықты қалайтын адам басқа да стильдерді ойлап табады.
Бірінші дүниежүзілік соғыста жігіттердің бәрі майданға аттанғанда тылда қалған қыз-келіншектер ер-азаматтардың рөлін атқарып, қолдарынан көп нәрсе келетінін түсінді. Сондықтан олардың жүріс-тұрысы мен киім киістері өзгере бастады.
Осылайша өткен ғасырдың 20-жылдары қолаң шаш қысқартылып, арт-деко стилі дүниеге келді.
Бұдан былай «банан», «алма» пішінді бикештердің жолы болып, кең пішілген, қысқа көйлектер пайда болды. Дизайнерлер тек көйлекті ғана емес, күнделікті киімдерді: пальто, плащ, белдемшелерді осы стильде тігіп, ұсынды.
2015 жылы арт-деко стилі подиумға қайта оралды. Дизайнерлер мен стилистер осы стильді «алма» мен «банандарға» ғана емес, барлық пішіндегі аруларымыз кие алатындай алуан түрлі етіп шығарды. Сол себепті осы идеяларды пайдалана аласыз. Мысалы, «алма» бөксе жағы қабатталып келген көйлек кию арқылы жоғары жағы мен төменгі жағын теңестірсе, «алмұрт» иықтың кішкентайлығын омырауы не иығы қабатталған көйлек арқылы білдірмей жібере алады. Ал «банан» мен «құмсағат» ойланбай-ақ кез келгенін таңдай алады.
Тойларға арналған бұл стильдің көйлектері бисер, моншақ, шашақ, бант немесе шілтермен безендірілетіндіктен, әсемдігі классикалық стильдегілерден кем түспейді. Алайда бұған арналған аксессуарыңыз қарапайым болу керек. Дегенмен басқа тәж киюге немесе әсем шаш түйрегішін тағуға әбден болады. Қыста пүліш, барқыт сияқты табиғи матадан тігілгенін кисеңіз, жазғы көйлектер көбіне жеңіл шифон матасынан тігіледі. Бірақ ескерерлік бір жайт - көйлектің ішінен дене түстес ішкиім таңдаңыз.
Жұмысқа біртегіс шифон көйлекті жакетпен үйлестіріп кие аласыз. Аяққа қайық туфли киген дұрыс.
Күнделікті образға мақта, зығыр, вискоздан тігілген түрлері лайық. Гладиатор сандалын киіп, айналаңыздағы ең сәнді бойжеткен атана аласыз.
Ұқсас жазбалар:
Етегі кең белдемшенің құпиясы неде?
Ф. Абилова