- Негізгі бет
- Сән
- Жазғы образды бірге...
Жазғы образды бірге таңдайық
Аяулы аруларымызға көмек ретінде биылғы жазғы трендке шолу жасаймыз. 2015 жылы қандай түс, принт және ұзындық сәнде? Киімдерді қалай үйлестіреміз?
Топтамамызды романтика образы ашады:
Биылғы трендті түстерінің бірі – көгілдір. Теріңізге үйлесімді реңкті таңдап, тізеге дейінгі ұзындықтағы жеңіл, сапалы матадан тігілген көйлек алып қойыңыз. Оны кешкі серуенге, кездесулерге, маңызды жиындарға да киіп бара аласыз.
Сәнді сары түсті қоңырлау, ақшыл түстермен үйлестіріп, байсалды әрі сәнді образ дайындауға болады. Суреттегі белдемшенің ұзындығы биылғы жаздың трендінде. Яғни дүкендерден өзіңізге ұнамды стильдегі миди белдемшесін алып қойғаныңыз абзал.
Бұл жартылай романтика, жартылай кэжуал образы болып келеді. Ірі гүлді принтпен басылған свитшот аппақ қысқалау белдемшемен тамаша үйлесім тауып тұр. Ал осыдан екі жыл бұрын сән әлемінде бұл үйлесімді ешкім мойындамас еді. Бұл образға аяқ киім таңдау оңай. Себебі свитшотпен де, қысқалау белдемшемен де кроссовка, слипы, кеда немесе суреттегідей ашық аяқ киім үйлесе береді.
Образды нәзік ету үшін қолыңызға бірнеше жеңіл білезік тағуыңызға болады.
Бұл жазғы демалыс үшін таптырмас образ болары анық. Кез келген жылы аймақта киюге болатын ақшыл макси көйлегін былтыр трендтің шыңында болған джинс жеңсізімен үйлестіріп, серуендеуге шығуыңызға болады. Міндетті түрде басыңызға көлемді қалпақ пен көзілдірік киіп шығыңыз, себебі биылғы жаз ыстық болмақ. Ұзын, бүрмеленген көйлек, белдемшені жеңіл, өкшелі аяқ киіммен киген жөн.
Еркін жазғы образ:
Әрі еркін әрі салмақты көрінетін бойфренд жейдесін кез келген киіммен үйлестіруіңізге болады. Суреттегідей қысқа джинс шортыны жаздың аптап күні, басқа күндері кез келген белдемшемен, джинс шалбарымен киіңіз. Көзілдірік таңдауда жаңылыспас үшін осы тақырыпқа арнайы жазған мақаламызбен танысыңыз.
Бұл суреттен сіз түстерді үйлестіру нұсқаларын көре аласыз. Ең бастысы, бір образда 3 реңктен артық түс болмауы керек екенін ескеруіңіз керек. Ал принт ол өз алдына бөлек әңгіме.
Кэжуал образы:
Бостау тұратын жұқа кофта жаздыгүні аса қажет. Жұмысқа, кездесуге, белгілі бір шараға принті ерекше бір жұқа кофтаны skinny джинс шалбарымен үйлестіріп, орташа биіктіктегі өкшелі туфлимен әсем образ дайындауыңызға болады. Ал сыртыңыздан жұқалау, нәзік түстегі жакетті киіп, иығыңызға ашықтау кроссбодиді іліп кетуіңізге болады.
Топтамамыздың ең нәзік әрі жазға сай образы осы болар. Жұқа джинс жакеті, нәзік түстегі гипюр жейдесі мен біртүстес skinny шалбары кез келген аруды нәзік, талғамы биік әрі тартымды етіп көрсетеді. Бұл образға көбіне ашықтау, орташа биіктіктегі өкшелі аяқ киімді таңдағаныңыз жөн.
Сізге қай образ көбірек ұнады? Несімен?
Ұқсас жазбалар:
Ф. Абилова