- Негізгі бет
- Сән
- Жаз мезгілінде түстерді...
Жаз мезгілінде түстерді үйлестіру
Интернет желісінде түстерді үйлестіру кестелері көптеп берілген. Көп жағдайда оларды түсінбей жатамыз. Сондықтан бүгінгі материалда жаз мезгілінде қандай түстерді бір-бірімен үйлестіруге болатынын қарапайым сөзбен ұсынамыз. Қазір міндетті түрде сөмке түсімен аяқ киім түсі бірдей болу керек деген сияқты пікірлер сәннен кеткенін ұмытпаңыздар.
Сары және жасыл
Сары және жасыл — жаңа шабылған шөп иісі мен күннің жылы сәулесінің үйлесімі секілді балғын әрі ашық түстер. Мұндай түстер үйлесімі дене пішінінің барлық дерлік типіне келе береді. Егер сіз ашық өңді типке жататын болсаңыз және ұстамды реңкті қаласаңыз, қыша, хаки және қою жасыл түсті киімдерді таңдаңыз. Қараторы типіне жататын бойжеткендерге ашық сары мен қанық жасыл түсті киімдер жақсы үйлеседі.
Ашық көк және алқызыл
Осы жылдың екі негізгі түсі, нәзік әрі жұмсақ алқызыл және ашық көк түстер бір-бірін жақсы толықтырады. Ашық көк түсті топты алқызыл жакетпен киіп көріңіз. Бұл нәзік киім үлгісі нәзік ақгүлді (жасмин) еске түсіреді.
Қызыл және көк
Қызыл және көк — танымалдығын жоғалтпайтын барлық мезгілге арналған үйлесім. Мысалы, қарапайым көк шалбарды ашық қызыл жакетпен және жолағы бар топпен толықтыруға болады.
Сарғылт және ашық көк
Сарғылт және ашық көк — классикалық үйлесім. Ол өте тиімді көрінеді. Бұл түстер киім үлгіңізде анық көріну үшін аяқ киімнің тері түстес түрін таңдаған жөн.
Алқызыл және сұр (серый)
Алқызыл және сұр түсті киімдерден кеңсеге арналған жақсы киім үлгілерін жасауға болады. Мысалы, қою сұры шалбар мен алқызыл топты (немесе жейде) үйлестіруге болады. Нәзік алқызыл түсті сыртқы жұқа киімдер кешкілік серуенге жақсы толықтыру болып табылады. Әшкекейлер туралы ұмытпаңыз.
Сарғылт және қара
Егер қара түсті киімдеріңіз көп болса, тұтас қара болып киінуді тоқтатып, үлгіңізге сарғылт киім қосыңыз. Мысалы, шағын қара көйлекке сарғылт жакет іліп алыңыз. Қара мен сарғылт түсті киімдерді үйлестіру жеңілге соғады және ерекше көрінеді.
А. Жапатова