Әйел киіміндегі "милитари" стилі

Әйел киіміндегі "милитари" стилі

Әскери форма әйел затына лайық емес деген қағида Бірінші дүниежүзілік соғыстан кейін жойыла бастады. Сол жылдары көптеген тоқыма фабрикаcы қирап, маталар жетіспеген еді. Сол себепті, қоймада артық қалған әскери формаларынан ер адамдарға да, әйел адамдарға да киім тігіле бастады. Бұл «милитари» стилінің алғаш пайда болуы еді. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін бұл жағдай қайталанды.

60-жылдары хиппилер соғыстарға, нақты айтқанда, Вьетнамдағы соғысқа қарсылық ретінде камуфляж шалбарын кие бастады.

Жиырма жыл өткен соң әйгілі Кристиан Диор мен әріптесі Луи Виттон алғаш рет өздерінің топтамаларында әйелдерге арналған «әскери» костюмның үлгілерімен таныстырды. Содан бері әйелдер киіміндегі «милитари» стилі подиумнан кеткен емес.

Әскери форманың бізге белгілі екі түрі болады: күнделікті және салтанатты түрлері. Сән әлемінде де соған қатысты стиль екі бағытта қалыптасқан.

Күнделікті киім үлгісі. Бұл түрге камуфляж матадан тігілген немесе көкшіл сұр (хаки), батпақ, сұрша қоңыр түсті киімдер жатады. Күнделікті киетін киімдерден айырмашылығы жасанды қалталары бар, бостау, кеңдеу шалбарлар.

Салтанатты киім үлгісі. Топтаманы дайындау кезінде негізге алынатын киім үлгісі – салтанатты әскери форма. Милитаридің салтанатты стиль түрінің айқын формасы, пішімінің сызықтары қатаң түрде кәдімгі әскери формамен біртектес болады. Металл түймелерінің қатары, погондар, эполет (иыққа тағатын зерлі, әшекейлі погон) және аксельбант (көптеген армияларда офицерлердің парадтық киім нысанының бір бөлігі, металл ұштығы бар, иықтан асыра салатын бау) милитари стиліндегі салтанатты киім үлгілерінің ажырамас бөліктері болып саналады.

Милитаридың сән әлемінде айналып жүргеніне көп уақыт болды. Офицерлердің киетін киімі, түсі, стилі жалпы "милитари" деген атқа ие. Былтыр сәнге парка атты киімдер кірді. Ол, әдетте, көкшіл сұр (хаки) түсті, капюшоны бар, бостау тұратын пальто секілді сырт киімі. Осы күзде камуфляжды принты бар, көкшіл сұр түсті киімдер сәнді деп есептеледі. Және милитари стиліндегі қара түсті, баумен байланатын күзгі етік алуыңызға болады. Айта кететін жайт, милитари стилінде тек көкшіл сұр түсі емес, ақ, қара, көк, сұр және қара қызыл түстері пайдаланылады. Яғни, милитари стилі деп камуфляжды, көкшіл сұр (хаки) түсті заттарды көре сала айту қателік, бұл стильді түсіне қарай емес, киімнің тігісі, түймелері және жалпы киімнің сыртқы түріне қарап анықтау керек. Милитари стилінде әдетте, өзіне сенімсіздеу келетін қыз-келіншектер айбынды, қаталдау етіп көріну үшін киінеді. Дегенмен, милитари – ер сынды болу, соғыс немесе феминизмнің насихаты емес. Нәзіктік пен қатаңдық астасып, қыз-келіншек бейнесін жұмбақ етіп көрсетері сөзсіз.

Бұл стильде бір ғана затты, мысалы, погоны бар кеудеше немесе милитари стиліндегі аяқ киім киюді немесе сөмке асынуды ұмытпаңыз. Бастан-аяқ милитари стилінде тек әскерилер киінетінін есте ұстаңыз.

Дайындаған: Фариза Әбілова

Сурет: content.ru

Ф. Абилова