- Негізгі бет
- Сән
- Эспадрильдер деген не...
Эспадрильдер деген не және оны қалай киеді?
Жазғы аяқ киімдер десек, бірден ойымызға босоножкалар мен сандалийлер келеді. Алайда соңғы жылдары сәнқойлар арасында эспадриль аты жеңіл аяқ киім танымал болып жүр.
Бұл аяқ киім біздің елде енді-енді танылып жатқандықтан, көбі иемденіп үлгермегені анық. Алайда осымен екінші жыл эспадрильдер қыздардың да, ерлердің де гардеробында сәнді бұйымға айналуда. «Эспадриль» деген не және оны немен киеді, осы жайлы әңгімелесе отырайық.
Аты біраз оғаш естілгенімен, суреттен бұл аяқ киімді танығандарыңыз бар шығар? Эспадрильдер – бұл үстіңгі бөлігі тығыз матадан (мақта мата, зығыр, кенеп) тігіліп, ал табаны – сабан немесе арқан жіптен жасалатын жаздық жеңіл аяқ киім. Эспадрильдер кез келген түсті және түрлі пішінді болып келеді. Ең танымалы – танкеткалы немесе жайпақ табанды. Олар өте ыңғайлы, сәнді, көзтартарлық және жылдың ыстық мезгіліне орынды.
Бұл аяқ киімнің тарихы Испанияда сонау XIV ғасырда басталған. Нақтырақ айтсақ – Каталонияда. Өкінішке орай, эспадрильді ойлап тапқан адамның есімі белгісіз, алайда, оның сапалы аяқ киім алуға жағдайы болмаған шаруа болғаны айтылады. Міне, сол шаруа желінген табанды қарапайым сабан жіппен айнала тігіп шығуды ойлайды. Эспадрильидің аты да осы дерекке дәлел бола алады. Испанияда жіп жасайтын дақылды осылай атайды.
Жаңа өнертабыс каталондық сұлулардың көңілінен шығады. Эспадрильдерді қолдан жасау оңай болатын және жаяу жүргенде өте ыңғайлы, 40 градус ыстықта да аяқ терісіне еш зиянын тигізбейтін болған.
Эспадрильдер сонау өткен ғасырлардың «сәні» болады. Бірақ оны тек қыздар ғана емес, ерлер де киеді. Ер адамдар да сабан сандалийлерді жөн көретін, бірақ олардың сырт келбеті тым қарапайым еді. Алғашқы эспадрильдер міндетті түрде баулармен әшекейленетін. Баулар тобыққа айнала байланып, аяқ кимнің аяққа мықтап тұруын қамтамасыз ететін.
Бертін келе ыңғайлы, жеңіл және арзан эспадрильдер испан әскерилерінің таптырмайтын атрибутына айналады. Каталондық кәсіпкер Луис Кастанер тіпті әскерилерге эспадрильдер шығаратын фабрикасын ашады. Өкінішке орай, аяқ киім ұзақ жаяу жүріске шыдамайтын болып шығады, сол себепті үкімет кейін бұдан бас тартады. Ал көпішілік қауым, керісінше, жаппай эспадрильдерді киюге көшеді. Мәртебелі испан ханымдары етікшілеріне түрлі эспадрильдерге тапсырыс беріп, өздерінің жазғы резиденцияларында рахаттана қыдыратын. Байларға тігілетін эспадрильдер әдемірек әрі сапалырақ болғаны түсінікті шығар? Бертін келе ханымдар арасында танкеткалы эспадрильдер сәнге айналады.
Бірақ, уақыт өте келе, эспадрильдердің танымалдылығы бәсеңдей бастайды. Олардың орнына әйел аяқ киімдерінің мықты әрі әмбебап үлгілері келе бастайды. XX ғасырдың басында бұл аяқ киім жайлы көбі ұмытып та кетеді. Ыңғайлы аяқ киім саяжайға кигенге, үй тұрмысында ғана киіледі.
Бәрі 1960 жылы күрт өзгереді. «Castaner» испандық фабрикасы Парижде эспадрильдердің бірнеше жетілген үлгілерін көпшілік назарына ұсынады. Бұл сол кездері жас кутюрье Ива Сен-Лоранның қызығушылығын тудырады. Дизайнердің түйсігі бұл жолы да алдамайды. Ол бірден испандықтармен келісім шартқа отырып, ерекше аяқ киімді өз топтамасына қосады. Аяқ киім тағы да үлкен танымалдылыққа ие болады.
Заманауи эспадрильдер – бұл міндетті түрде сабан табан емес. Бүгінгі күні бұл аяқ киімнің өндірісіне түрлі синтетикалық маталарды қолданады. Аяқ киімнің табанын резина немесе каучуктен жасап жатады, ал арқан өріммен оның жан жағын әсемдейді. Бірақ бір нәрсе өзгеріссіз қалады – үстіңгі тоқыма аймағы мен өзіне тән өрім түрі.
Бармақтарға арналған ойығы бар босоножка эспадрильдер ерекше сәнде. Көбіне олар биік танкетка немесе қалың мығым өкшемен жасақталған. Жайпақ табанды эспадрильдер жылдар бойы қатты өзгеріске ұшыраған жоқ.
Эспадрильдер – жаз мезгіліне өте ыңғайлы аяқ киім. Біріншіден, пішіні ыңғайлы және көбіне табиғи материалдардан тігіледі. Екіншіден, эстетикалық тұрғыда ұтымды. Эспадрильдер әйел аяғында шәркейлер немесе балеткаларға қарағанда тартымды көрінеді. Танкетка мүсінді біраз ұзартып көрсетеді, аяқтарыңыздың сымбатын арттырып, биязылығыңызды еселейді. Олар барлық жаздық киімдермен үйлесе алады және бейнеңізді керемет толықтырады. Бірақ, бұл аяқ киім көбіне көше сәніне негізделгендіктен, эспадрильдерді салтанатты кештерге кию ұсынылмайды. Және ең бастысы – эспадрильдерді жалаң аяққа ғана киеді! Оның ішінен кологотка немесе шұлық киіп жүрмеңіз!
Эспадриль таңдағанда, мына маңызды ақпаратты ескеріңіз. Тоқыма беті уақыт өте келе созылып кетіп, аяғыңызға кең болып қалуы мүмкін. Сондықтан, кішкене қысып тұратын эспадрильдерді таңдауға тырысыңыз. Бірнеше күннен соң, жүйелі киістен кейін олар табаныңыздың пішінін иеленіп, бәрі орнына келеді. Барселонада әлі күнге дейін эспадрильдерді XIV ғасыр үлгісімен жасайтын шеберханаларды табуға болады. Егер Испанияға жолыңыз түссе сол шеберлерден нағыз эспадрильдерді сатып алсаңыз болады.
Сурет: fb.ru, lookchic.ru
Дайындаған: Анар Мұстафина
Оқи отырыңыз:
A. Mustafina