Кеданы немен киеміз?

Кеданы немен киеміз?

Кеда, бірінші кезекте, ыңғайлылығымен және төзімділігімен ерекшеленетін спорттық аяқ киім. Алайда, соңғы кездері аяқ киімнің бұл түрі сәнқой қыздардың арасында танымалдылыққа ие болып, спорттық киім үлгісінің шекарасынан шығып кетті. Дизайнерлер мен стилистер кеданы тек спорттық киімдермен ғана емес, белдемше, тіпті көйлектермен де жарастырып киюге болатынын көрсетті. Сәнді әрі биязы бейнені жоғалтпай, кеданы қалай үйлестіріп киюге болады?

Қалалық образ


Кең футболка немесе жейдемен үйлескен кеданы қысқа джинсы шортылармен де, орташа ұзындықтағы шортылармен де киюге болады. Белге бейберекет байланған жіңішке белдік те жараса кетеді. Бейнеңізді пішіні ерекше түрлі-түсті аксессуарлармен толықтыруға болады. Сәнді кеданы джинсы, кең топ, қысқа күртеше және көлемді сөмкемен кию танымал нұсқа болып табылады.

Романтикалық бейне


Соңғы кездері қыздар кеданы нәзік белдемше және көйлектермен жиі үйлестіріп жүр. Контрастардың үйлесуі өз кезегінде бейнеге ерекшелік пен даралық береді. Бірақ айта кететіні, кеда бастапқы үлгісінен әлдеқайда өзгерген, олардың қазірде түрлі-түсті, сәнді принтті және декорациялау элементтерімен әсемделген небір түрлері бар. Мұндай кедаларды кең көйлек, белдемшелермен және клеш үлгісіндегі белдемшемен үйлестіруге әбден болады. Сонымен қатар, бейнеңіздің ерекше стилін айқындап тұратын әшекейлер жайлы да ұмытпаңыз.

Күнделікті нұсқа


Күнделікті өмірде біз ыңғайлы және жайлы киім мен аяқ киімді қалаймыз. Кеда мен джинсы бұл тұрғыда ең ұтымды шешім. Кеданы джинсылардың кез келген үлгісімен үйлестіруге болады. Бірақ бұл тізімге клеш джинсылар кірмейді. Қарандаш типтегі джинсы, кеда және қысқа былғары күртешемен кисеңіз қатып кетеді. Суық күндері кеданы жеңіл матадан тігілген ұзындау пальтомен немесе пиджакпен үйлестіруге болады.

Сурет: pink.ua

Дайындаған: Анар Мұстафина

A. Mustafina