- Негізгі бет
- Сән
- Баршын – ақсүйек...
Баршын – ақсүйек матасы
Естеріңізде болса, өткен жолы барқыт мата, оның күтімі туралы жаздық. Бүгін қымбат маталардың бірі есептелетін баршын туралы біраз мағлұмат береміз.
Баршын (парча) – парсы сөзі, матаның өзі бізге сонау Шығыстан келген. Металтектес өте жұқа жіптермен тоқылған, әдемі әрі күрделі оюлармен безендірілген ауыр мата. Баршынның өзгелерден ерекшелігі – кез келген үлгіні ханшайымның көйлегіне айналдыра алады.
Барлық матаның артықшылығы мен кемшілігі болады. Олай болса, осы матаны сынап көрейік.
Артықшылығы:
– берік;
– әдемі;
– тығыз.
– басқа маталармен де үйлеседі;
– оңай жиналады;
Кемшілігі:
– қымбат;
– тез тозады;
– ерекше күтімді қажет етеді.
Бұрында баршынды өндіру кезінде тек жібек талшық, алтын және күміс жіп секілді бағалы әрі табиғи материалдар қолданылатын еді. Кейін оларды бағасы арзан тұратын мақта, зығыр, жартылай бағалы металдарға алмастырған. Қазіргі таңда табиғи әрі синтетикалық жолмен де жасалатын баршындар сатылымда бар. Тіпті лайкра (эластан), вискоз (целлюлозадан алынатын заттек), жасанды материалдардан да жасайтын болды. Сол себепті баршын көйлектердің бағасы әртүрлі. Табиғи материалдардан тоқылған баршындар қымбат болатыны сөзсіз.
ХХ ғасырда баршын көйлектер кең етекті болатын, қазіргі талғам мен таңдау бойынша тік және қынама бел қалыбында тігілген баршын көйлектер сәнде.
Той көйлектерінің қатарынан да баршын көйлектер кездестіруге болады. Ертеректе Еуропада баршыннан тігілген той көйлектерін тек ақсүйек қалыңдықтары киген. Қазір жасанды баршын қолжетімді болған соң, көп қалыңдықтың арманы орындалды. Күміс не алтын түсті жіптермен безендірілсе, тіптен бағалы көрінеді.
Қалай күту керек?
– Жуу алдында киімнің неден тігілгеніне назар аударыңыз. Егер құрамында таза металл жіптері болса, өзіңіз жууға әрекеттенбеңіз. Химиялық тазалауға апарғаныңыз абзал.
– Егер киіміңіз синтетикалық жіппен кестеленсе, қолмен жуған жөн.
– Кір жуғыш мәшинеде жусаңыз, судың температурасы 40 градустан жоғары болуын қадағалаңыз.
– Баршыннан тігілген киімді теріс жағынан үтіктеу керек.
Баршын тым әдемі мата болған соң, оны бағалы тастармен, жылтыр бұйымдармен сәндеудің қажеті жоқ. Бұл мұндай көйлекпен ешқандай әшекей тағуға болмайды деген сөз емес. Моншақ, тас, жылтырдан әшекей таңдамаңыз. Көзге білінбейтін немесе өте нәзік бұйым тағуға болады. Мысалы, жіңішке алтын не күміс алқа.
Г. Берік