Барқыт – байлық пен салтанаттың белгісі

Барқыт – байлық пен салтанаттың белгісі
Фото: 101oblik.ru

Барқыт – өң бетінде қысқа түктері бар қалың мата. Өндірісте барқытты алу үшін таза жібек пен синтетикалық материал пайдаланылады. Ол ежелден байлық пен салтанаттың белгісі ретінде саналған. Егер матаның құрамында жібек болса, ол ұзақ уақытқа дейін құндылығын жоғалтпайды. Содан болар, барқыт бағалы көрінеді. Барқыт суды көп сорады, бірақ тез кебеді.

Барқыттың басқа да қасиеттеріне назар аударсақ:

1. Барқыт аллергия тудырмайды.

2. Қыл-қыбыр жинамайды әрі тоқ ұрмайды.

3. Барқыт киім ұзақ уақыт киілсе де, өңін бермейді.

4. Жұмсақтығына байланысты оңай бүктеледі. Егер көйлекті бүрмелі етекпен тіктіргіңіз келсе, барқыт мата тігу кезінде қиындық тудырмайды.

5. Жуылғанда дақ тез кетеді, оған қоса, қысқарып қалмайды.

6. Барқыт киімдер үтіктеуді қажет етпейді, тек булау әдісімен кептіруге болады.

7. Барқыт ауа өткізеді, жылу сақтап тұрады. Сондықтан, терлетпейді.

Кей қыздар барқыттың күтімі бөлек деп, мұндай киімдерден аулақ жүреді. Негізінде мүлдем олай емес. Кір жуғыш мәшинеден гөрі қолмен жуған тиімдірек, себебі бұл матаны қатты сығудың қажеті жоқ. Иықты ілгішке іліп кептірген дұрыс.

Барқыт түрлері

Қазір барқыттың көптеген түрі бар. Соның бірі – велюр. Ол жүн талшықтарынан немесе мақпалдан жасалады. Велюр мақпалға қарағанда жылырақ болады.

Спорттық киімдерді көбіне стрейч-велюрден тігеді. Ал кешке арналған көйлектерді вискоз бен таза жібектен жасалған панбархаттан тігіледі.  Әдемі оюмен бедерленсе, ажары кіре түседі.

Өңделген барқыттан жасалған көйлек аруларды нәзік етіп көрсетеді. Бұлай көбіне шифон негізінде тігіледі.

Valentino

Berardi

Dolce Gabbana

Жаңа сән маусымында Dolce Gabbana, Monse, Fendi секілді үлкен сән үйлері барқыт көйлектерді көптеп ұсынған. Antonio Berardi сән үйі барқыт көйлектерді шілтермен безендірген екен.

Немен үйлестірсе болады?

Барқыттан тігілгендер «киім талғамайды». Тек басқа киімдердің неден тігілгеніне назар аудару қажет: джинс, шілтер, тоқыма киімдер, жылтырсыз синтетикалық киімдермен, жүн, жібек, атлас, былғары, трикотаж киімдерімен жарасады. Ал мақта және вельвет киімдерімен үйлестіремін деп ойламасаңыз да болады.

Г. Берік