- Негізгі бет
- Сән
- Асыл тастар: Кварц...
Асыл тастар: Кварц
Ежелден бері адамзаттың табиғатпен және тастармен байланысы бар екені белгілі. Тасты дұрыс таңдай білсеңіз, кей аурулардың алдын алып, емделуге де болады. Асыл тастардың түрлері және олардың пайдасы туралы жеке тоқталуды жөн көрдік. Ендеше, бүгінгі материалда кварц тасының ерекшелігі мен адам денсаулығына пайдасы туралы білетін боламыз.
Кварц атауы «quarz» деген неміс сөзінен шыққан. Оның шығу тегі белгісіз. Бұл тастың мексикалық алмаз, Тамерлан тасы, Амур оғы, Венера шашы сияқты басқа да атаулары кездеседі. Кварц —кремнийдің қос тотығы (двуокись). Құрамы — SiO2 (кремний мен оттек қосындысы), алқызыл кварцта титан қоспасы болады. Кварцтың негізгі шыққан жері — Африка, Мадагаскар, Бразилия т.б.
Кварцтың мынадай түстері болады:
– Түссіз, мөлдір (сутас);
– Сары (цитрин), балды, алтын;
– Күлгін (аметист);
– Түтін түстес (раухтопаз);
– Қара (морион);
– Алқызыл кварц;
– Жасыл (празем);
– Сүтті-ақ кварц;
– Қоңыр (авантюрин);
– Қызыл (гематит);
– Көкшіл (мұзды кварц);
– Көк (жақұт кварц).
Емдік қасиеті
Халықтық емшілердің айтуынша, кварцтан күнделікті ішетін суға арналған сүзгі жасасаңыз, оның ағзаға тигізетін пайдасы мол екен. Сонымен қатар, кварц суын (кварц салынған су) косметикалық мақсатта қолдануды ұсынады. Егер ұйықтар алдында аптасына бірнеше рет кварц суымен бетіңізді жусаңыз, теріні жасартуға, безеуден құтылуға болады. Кварц суынан дайындалған ванналар қол терісін жасартады. Литотерапевтердің айтуынша, кварцтан жасалған әшекей тыныс алу мүшелеріне жақсы әсерін береді. Кварцтан жасалған алқалар суық тиген ауруларды жеңілдетеді.
Сиқырлы қасиеті
Абыздар кварц кристалдары арқылы өткенді біліп, болашақты болжайтын болған. Барлық кварц (соның ішінде, сутас) — ғаламшардың жұлдызды терісі, ал кристалдар бізге әлем жолдаған белгілерді сақтап, жазып алатын құрал деп санаған. Қазіргі мамандардың ойынша, кварц — иллюзия тасы, оны сиқырлы мақсатта тек тәжірибелі балгерлер, сиқыршылар және көріпкелдер қолдана алады. Кварц тасын тағу арқылы адам минералдың пайдасын алады. Ол еске сақтау қабілетін арттырады, қиялды дамытады және анық әрі көркем сөйлеуге көмектеседі. Астрологтар кварц бұйымын Шаяндар мен Таразыларға тағуды ұсынады. Ол Суқұйғыштарға да жақсы көмекші болады. Оны Бикештер мен Егіздер мүлдем тақпаған жөн.
А. Жапатова