Көктемде мән беру керек сөмке түрлері

Осы көктемде түрлі түсті әрі ыңғайлы сөмкелер трендте болады. Киім үлгіңізді стильді әрі ерекше ету үшін бұл аксессуардың классикалық немесе әдеттен тыс түрлерін таңдай аласыз.

Hobo bag

Hobo bag немесе қап-сөмке — 2022 жылдың тренді. Мұндай сөмкелер сыртынан қарағанда шағын көрінгенімен, оның іші сыйымды келеді. Сондықтан оның ішіне барлық қажет ұсақ-түйек заттарыңыз сыяды. Оған қоса, оны иыққа асып алуға да болады. Әдетте, оны жұмсақ материалдардан жасайды. Мұндай сөмке күнделікті киім үлгісін жақсы толықтырады.

Тоқылған сөмке

Былтыр жазда да тоқылған сөмкелер сәнде болды. Олар биыл да трендте болады. Оның кішкентай клатч түрінен бастап көлемді қап түрлеріне дейін стильді көрінеді. Олар металл фурнитурамен немесе былғары жапсырмамен безендірілуі мүмкін.

Көлемді сөмке

Трендтен шықпайтын сөмкенің бірі — көлемді сөмке. Дизайнерлер косметикалық сөмкеден бастап ноутбукке дейін сыйып кететін сөмкелерді қайта ұсынып отыр. Олардың жұмсақ былғарыдан және зығырдан дайындалған түрлеріне мән берсеңіз болады.

Жарты ай сөмке

Жарты ай сөмкенің дизайны стильді және пішіні ерекше. Таңдаған түсіне қарай ол күнделікті де, кешкі де киім үлгісіне жараса кетеді.

Қатты пішін

Пішінін жақсы сақтайтын сөмкелер іскерлік киім үлгісіне жақсы келеді. Сондай-ақ, ол минимализмді бағалайтын адамдарға ұнайды. Мысалы, тоут-сөмке таңдауға болады. Мұндай сөмкені шалбарлы костюм, футболка және ақ кроссовкамен стильді үйлестіре аласыз.