Шоппинг пен көңіл күйді құртатын 8 қателік

Қазір онлайн-шоппинг дамып жатқанымен, барлық киімді бірдей суреттеріне қарап алу мүмкін емес және кейде сайттан киім өлшемін дәл табу қиынға соғады. Оның үстіне адамдар әртүрлі келеді: кейбіреулер киімді міндетті түрде матасын ұстап қарап және оны киіп көріп қана ала алады. Өкінішке қарай, шоппинг әркез сәтті аяқтала бермейді. Киім киіп қарау кезінде жиі жіберілетін қателіктерді ұсынамыз.

1. Дүкенге барлық отбасы мүшелерімен бірге келу
Барлық отбасы мүшелерімен киім алуға бару тек Instagram суреттерінде ғана күшті көрінеді. Шындығында, күйеуіңіз үйге асығып тұрады, балалардың қарны ашады және оларға сіз киіп көрген киімдер ұнай бермейді. Барлығының көңілінен шыға алмайсыз, сондықтан өзіңіздің қалауыңызға көбірек мән беріңіз. Күйеуіңізге немесе балаларға киім алу керек болса, оған басқа бір күн арнаңыз. Ал өзіңізге киім алатын күні тек өзіңіз немесе қасыңызға бір ғана адам (мысалы, құрбыңызды немесе сіңіліңізді) алыңыз.

2. Сату бойынша кеңесшінің ойын тыңдау
Сату бойынша кеңесшінің жалақысы сатылымға тікелей байланысты болғандықтан, кей жағдайда олар жараспай тұрған киімнің өзін мақтай береді. Сондықтан әркез олардың ойына сене берудің қажеті жоқ.

3. Қозғалмау
Киімді киіп қараған кезде айналыңыз, аяғыңызды көтеріп көріңіз, жүріңіз, еңкейіңіз, қолыңызды созыңыз және міндетті түрде орындыққа отырып көріңіз. Киім өлшейтін бөлмедегі қозғалыс таңдаған киіміңіздің ыңғайлылығын сезінуге және соңғы шешім қабылдауға мүмкіндік береді. Ешқандай қозғалып көрмей, бір киіп қарап, ала салған киім кейін ыңғайсыздық тудыруы мүмкін, сондықтан ол көп киілмей шкафта жатады.

4. Айнаға қарамау
Жаңа таңдаған киімді киіп көрмес бұрын айнаға қараңыз. Киім өлшейтін жердегі айна стандартты түріңізді бұрмалап тұрмағанын түсіну маңызды. Кей айналар арықтатып немесе толықтатып көрсетеді. Соған сәйкес киген киіміңіздің негізінде қалай тұрғанын түсінуге болады.

5. Асығу немесе еріну
Киім алатын дүкенге келетін күнді дұрыс таңдау маңызды. Барынша оған біраз уақыт бөлу керек және дүкенге сергек күйінде келген жөн. Себебі кей қыздар шаршағаннан, ерінгеннен немесе уақыты аз болғандықтан киімді дұрыс киіп қарамай ала салады. Мысалы, көйлек немесе белдемшені шалбардың сыртынан кие салу. Нәтижесінде, киім ұзындығы бойыңызға сай келмеуі мүмкін. Сол секілді кештерге арналған көйлек таңдасаңыз, міндетті түрде туфлимен киіп көріңіз. Егер киім өлшейтін жерде туфли болмаса, оны дүкеннен алыңыз.

6. Тек өз өлшеміңізді киіп көру
Әр өндірушінің өз өлшемдік кестесі болады: барлық өндірушінің бірдей өлшемдік кестесі жалпы қабылданған стандартқа сай болмауы әбден мүмкін. Өлшемі дәл келетін киімді таңдау үшін қандай да бір киімнің бірнеше өлшемін киіп көріңіз. Мысалы, әдетте, 42-ші өлшемдегі киім киетін болсаңыз, жаңа киімнің 40-шы,42-ші,44-ші өлшемдерін киіп көру артық етпейді. Себебі дәл сол киімнің басқа өлшемі сіз ойлағаннан да жақсы тұруы мүмкін.

7. Шоппингке дұрыс киінбеу
Шоппингке шыққанда оңай шешіліп-киілетін киім киіп келу керек. Мысалы, шалбардың орнына белдемше немесе көйлек, ілгегі бар жейденің орнына сыдырма ілгегі бар жейде, бауы бар кроссовканың орнына балетка киген жөн.

8. Көлемді әшекейлер тағу
Біріншіден, әшекейлер мен көлемді сырғалар бастан киетін киімдерді киіп қарау кезінде кедергі келтіреді. Екіншіден, әшекейлер стилі бойынша таңдаған киіміңізге сәйкес келмеуі мүмкін, сондықтан да шешім қабылдарда шатасып кетесіз.