Атақты кутурьеге арналған көрме ашылды

Атақты кутурьеге арналған көрме ашылды
Фото: vk.com

Атақты кутурье Аззедин Алайя шығармашылығына арналған «Je suis couturier» аталатын көрме ашылды.

Аззедин Алайя студиясы Париждің Маре кварталындағы rue de la Verrerie көшесінде орналасқан. Кутурье көзі тірісінде уақытының көп бөлігін сол жерде өткізетін. Көрме 10 маусымға дейін ашық болады.

Көрме кураторы – аса ықпалды сән тарихын зерттеуші маман Оливье Сайярдің өзі. Қазір ол париждік Musée Galliera сән мұражайының директоры қызметін атқарып жүр. Оның осы қызметке келуімен тарихи мұражай реконструкциядан өтіп, бүгінде ең маңызды шаралар сонда өткізіліп келеді. 2013 жылы Алайяның ретроспективасы ұйымдастырылды. Жалпы, Сайяр өнердің шын жанашыры ретінде Musée de la Mode, Musée Bordelle мен Лондондағы Виктория мен Альберт мұражайында көптеген көрмелер кураторы қызметін атқарды.

Көрме атауының «Je suis couturier» (Мен кутюрьемін) деп қойылуының өз себебі бар. Аззединді «дизайнер» деп атаған кезде, ол үнемі «Мен кутюрьемін» деп түзетіп отыратын. Шынымен, оның қосынан шыққан киімдер жәй тігін өндірісінің өнімі мемес, нағыз өнер туындысы еді.

Естеріңізге сала кетейік, Аззедин Алайя өткен жылдың 18 қарашасы күні өмірден өтті. Дизайнер 77 жаста еді.

Аззедин Алайя өз мансабын 1957 жылы атақты сән өндірісі өкілі Кристиан Диордың шеберханасында бастаған. Бұл жас дарынның Тунистен Парижге қоныс аударған алғашқы жылы болатын. Кейін дизайнер Ги Ларош пен Тьерри Мюглер сынды беделді шеберлермен жұмыс істеді. Ал, 70-ші жылдары өз ательесін ашты. Алайяның даңқы шарықтап тұрған 80-ші жылдары барша әлем оның туындыларына тәнті болатын.

Оның көйлектерін Тина Тернер, Грейс Джонс, Джесси Норман, Бриджит Нильсен, Мадонна, Джанет Джексон сынды үздік сахна майталмандары киетін. Ал, оның топтамалары көрсетілімдеріне Кристи Тарлингтон, Синди Кроуфорд, Линда Евангелиста, Иман, Стефани Сеймур, Наоми Кэмпбелл және өзге де  топ-модельдер қатысатын.

Әйел затының сұлулығын арттыра түскені үшін көпшілік оны дизайнер емес, мүсінші деп таныды. Бұл оның шығармашылығына берілген ең жоғары баға болса керек.

А. Оралқызы